Астана. 21 қазан. BM.KZ – АҚШ Президенті Дональд Трамп Украина мен Ресей арасындағы соғыс туралы пікір білдіріп, Киевтің жеңісі «мүмкін, бірақ ықтималдылығы аз» екенін айтты.
Бұл сөзін ол 20 қазанда Австралия премьер-министрі Энтони Альбанеземен өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Deutsche Welle.
«Олар жеңуі мүмкін. Бірақ мен олардың жеңетініне сенбеймін. Теория жүзінде бәрі мүмкін, бірақ шын өмірде бұл оңай емес», — деді Трамп CNN арнасына берген сұхбатында.
Бұған дейін Трамп мүлде басқа көзқараста болған еді. Шамамен бір ай бұрын ол «Еуропа мен НАТО қолдаса, Украина барлық жерін қайтарып алады» деген болатын.
«Уақыт пен сабыр, сонымен қатар Еуропа мен НАТО-ның көмегі арқылы соғыс басталғандағы шекараны қалпына келтіру мүмкін», — деген еді АҚШ басшысы.
Алайда соңғы аптада ол пікірін өзгертіп, Донбасс аймағының бөлінуін соғысты тоқтатудың жолы ретінде ұсынды:
«Қазірдің өзінде Донбасс бөлінген. Шамамен 78 пайызы Ресейдің бақылауында. Солай қала берсін. Кейін Ресей мен Украина өзара келісімге келе жатар», — деді Трамп.
Сондай-ақ ол The Financial Times жариялаған мақаланы теріске шығарды. Онда Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге «Донбастың барлығын Ресейге беруге» кеңес берді делінген еді. Трамп бұл ақпаратты жалған деп атады.
