Түркі әлеміндегі абайтану
Абай Құнанбайұлының шығармашылығы тек қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі әлемі әдебиетінің тарихы мен теориясында ерекше орын алады. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, демократ, қазақ ақындық поэзиясының ірі реформаторы Абай шығыс ойшылдарының бірі ретінде танылды. Алаш қайраткерлері Абайды ерте кезден танып біліп қазақ арасына насихаттап қоймай, оны өркениетті елдерге танытуда, туысқан түрік халықтарының мұрасын дәріптеуде де ерекше атсалысты. Мұның астарында қазақ оқыған зиялыларының «Алаш» архетипін тірілтіп, алты алаш, тұтас түрік жұртының азаттығын көксеу жолында Абайды бағдарға алып, жол тартты.
Ерте дәуірден етене, жақын әрі туыстық байланысын үзбей жалғап келе жатқан жақын қазақ пен қырғыз халқының өзара мәдени, рухани байланысы күшті болды. Осы Абай дәуірінде де екі елдің әдеби-мәдени ықпалы суыған жоқ.
Қырғыз халқының арасынан талантымен көзге түсіп, озық шыққан Тоғолоқ Молдо Абай заманында жасап, туған халқының жаңашыл ақыны, мысал жанрының негізін салушы тұлға болып қалыптасты. Ол қазақ ақын-жазушы, жыршыларын жақсы білгені сияқты Абай шығармашылығымен де таныс болды. Орталық Азия елдеріне тарайтын «Дала уәлаяты» газетінде, ұлттық «Айқап» журналында жарияланған Абай өлеңдерін оқыған Тоғолоқтың ақындық жолының қалыптасуын Абайдан іздейді. Абай өлеңдерін оқып қоймай, кейбірін жатқа айтатын ол Абайды жоғары бағалады. Өмір мен адамгершілік, оқу-білім, мінез-құлық, тәрбие жайында Абай тәрізді Тоғолоқ Молдо да көп жырлады. Тоғолоқтың орыс әдебиетімен танысуы да Абай арқылы жүзеге асты. Орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері Пушкин, А. Крылов шығармашылығын оқып, сол күйінде алып тәржіме етуді емес, қырғыз ұлтының мүддесімен арман-мұратына лайықтап аударуды мақсат етіп, шығармашылығын дамытты. Әділетсіздікті сынайтын, қоғамның прогрессивті мүмкіндігін бағалайтын жырларды мысал жанрының үлгісінде дамытып, көркемдік шешімдер жасады. Бір сөзбен айтқанда, Тоғолоқ Молдоның шығармашылық мұрасында Абайдың рухы, Абайдың дәстүрі сайрап жатыр.
Қырғыз халқының сүйікті перзенті, халық ақыны Аалы Тоқомбаев та абайшыл үлгідегі ақын. Ол өнерінің, әдеби қызметінің алғашқы күндерінде-ақ Абайдан үйренгенін, Абайды сүйгенін танытты. Абайдың түгелге жуық өлеңіне қырғыз тіліне аударған А. Тоқомбаев Абай өлеңдерінен жеке кітап етіп бастырып шығарды. Аалының өз өлеңдері Абай мәнерінде орындалғандықтан, ұлы ақынның шығармаларымен сайма-сай келіп жатады. Талантты ақын Тоқомбаевтың:
Алмадай жер,
Айланан ал,
Елдин канин ичесин.
Қыйналып жан,
Шорголап кан,
Акбада сен тутосун… деген өлең жолдары Абайдың «Бай секілді» өлеңінің үлгісімен жазылған.
Аалы Тоқомбаев тек өзі ғана емес, қырғыз ақындары мен жазушыларының шығармашылығында Абай әсері болғанын жасырмайды. «Абай аудармаларын пайдалана отырып, қырғыз жазушылары қырғыз әдебиетінде аударманың жаңа дәстүрін жасады» деп жазды ол.
Абайдың тұлғасы мен асқақ поэтикалық қуаты көршілес қырғыз елінің мәдени дамуына үлкен ықпал етті.
***
Абай бала кезінде-ақ өзбек әдебиетінің алыптарымен таныс болғаны, ондағы ұлы шайырлардың шығармашылығын оқығаны белгілі. Шығыстың әйгілі жеті ақынының ішінде Науаи есіміне ардақтап атап, өлеңге қосып, медет сұрайтыны жас талаптының айқын мақсатын көрсетті. Өзге ақындардың ішінен Науаиды жақын тартты, үлгі тұтты. Ондағысы – өзбектің ұлы шайырының туған тіліне жанашырлығы, халықтың бай тілін сақтаудағы қайраткерлік еңбегі.
Өзбек тіліне Абай өлеңдері 1920 жылдан бастап аударыла бастады. Абайдың «Адамның кейбір кездері» атты жыры 1922 жылы «Инқилаб» журналында жарық көрді. Бір жылдан кейін қазақ тілінде Ташкентте шығып тұрған «Ақ жол» газетінде Абдурахман Сағди алғаш рет «Абай» атты мақаласын жариялады. «Абай шығармалары», «Абайды жұртшылық жағынан тексеру», «Абай өлеңдерінің табиғаты һәм ішкі рухы жағы туралы», «Абай тілі һәм өлшеулері» деген ақырыптарға жіктелген бұл ғылыми мақала – сол дәуір тұрғысынан алғанда ұлы ақын мұрасын тану мен бағалауда орны бар елеулі зерттеу.
Ол Абайдың әдеби мұрасын қазақ халқының рухани кеңістігіндегі елеулі құбылыс деп бағалады. Атақты «Жаз» өлеңін талдаған ол «Ес кетерлік ұсталықпен, тіпті жеңіл һәм табиғи шығарылған» деп пайымдады.
Сондай-ақ мақалада автор Абайдың ақындық жолының эволюциясын, өнерінің сырын, ақын шығармашылығындағы өзгерістердің себебін білуге талпынып, дара пікір көтерді. Ол ақынның жиырма жылдық әдеби өмірінде қанша өлең жазылғанын, қай жылы көп, қай жылы аз жазғанының себебіне үңіліп, сырын тексереді. Өлеңдердің жазылуы тарихының хронологиясын жасап, онда ақын шығармаларының ішкі рухындағы өзгерістерге жіті назар аударады. «Абай ақындығының рухы жағынан шарықтау шегінің шыңы 90-жылдар болды, ал 1898 жылдан кейін Абай өлеңдерінің табиғаты, ішкі рухы өзгере бастады» деп тұжырымдады (Мырзахметұлы М. Абайтану).
Абай мұрасын аударуға өзбек әдебиетінің көрнекті өкілдері Ғафул Ғұлям, Міртемір, Ұйғұн, Тұрап Төле, Нәсір Фазыл, т.б. атсалысты. Міртемір «Абай ата» өлеңінде қазақ халқының ұлы перзентіне өзбек елінің ілтипатын паш етті.
***
Әдеби-мәдени, тіпті ертедегі фольклорлық негізі бірдей, тарихы ортақ үлгіде байланысатын, қазақ халқына жақын-туыс елдің бірі – әзербайжан. Географиялық орналасуы алшақтау, ортасын ұлы Хазар, қазіргі Каспий теңізі бөліп жатқан халықтардың мәдениетінің байланысына теңіз де кедергі бола алмайды.
Қазақ және әзербайжан елдері ақын-жазушыларының достығы, өзара хат алмасулары, шығармашылық тәжірбие бөлісуі, әр түрлі конференция, семинарларға қатысуы, басқа да әріптестік әрекететер рухани достықты нығайта түсті. 1954 жылғы Абайдың қайтыс болуына орай 50 жылдығы Әзербайжанда кеңінен атап өтілді.
Республиканың басты әдеби басылымы «Адавият ве инджесенетте» зерттеуші-ғалым Панах Халиловтың Абай жайлы көлемді мақаласы басылды. Онда автор қазақ әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы, туған әдебиетіне қосқан ұлан-ғайыр үлесі жөнінде мол мағлұмат берілген. «Қазақ поэзиясының күні» деген мақалада ұлы ақын поэзиясының басты ерекшеліктері ашып көрсетілді. Әзербайжан ақындары С. Рустам, М. Рагим, А. Джамил, М. Дильбаз, А. Бабаев, т.т. Абай өлеңдерін әзербайжан тіліне аударды. 1970 жылы Абай поэмалары тәржімеленген жаңа кітап жарық көрді, ондағы «Ескендір» поэмасын Н. Гянджали, «Масғұт» поэмасын Г. Гасымзаде, «Әзімнің әңгімесін» А. Зиятай аударып шықты.
Әзербайжанның әдебиетші ғалымы А. Гаджиев «Советтік шығыс әдебиетіндегі реализм» атты кітабында «Абайдың қоғамдық-ағартушылық және поэтикалық қызметі қазақ қоғамының мәдени дамуындағы алға басқан тарихи қадам еді, ол ауыз әдебиеті поэзиясынан көркем, жазба, жеке авторлық әдебиетке көшудің көшбасшысы болды. Бұл сатыға көтерілу үшін Абайға фольклор мен ауыз әдебиеті дәстүріне сүйене отырып, Шығыс поэзиясының, ХІХ ғасырдағы Еуропа мен орыс әдебиетінің тәжірибесін бойына сіңіру қажет болды» деген пайымдар айтқан.
Ежелден басталған екі халықтың мәдени байланысы жыл сайын нығайып, қаламгерлерінің достығы артып, шығармашылық ықпалдастық ғылыми-зертеу нысанына айналып келеді.
***
Тарихи байланысы терең, әдеби-мәдени әсері өте жақын туысқан татар халқы Абайды өз ұлы Ғабдулла Тоқайдай көріп құрмететйді. Қазақ халқы үшін Абай қандай қадірлі болса, татар елі үшін Тоқай сондай тұлға. Екі елдің алыптары бірін-бірі көріп, танып, тікелей шығармашылық байланыста болғаны жайлы нақты дерек жоқ, әйтсе де екі ойшылдың үндестігі, пікір үілесімі шығармашылықтарында байқалып тұрады. Әсіресе туындыларындағы халықтық сипат, гуманистік ойлары, замандастарын оқу-білімге шақыру идеясы айқын көрінеді.
«Жазғаным көпшілікке ұнар ма екен?
Ұнаса, ұғынатын болар ма екен?» деп келетін Тоқайдың өлең жолы Абайдың жастарға жазған өлеңімен астасып жатыр:
«Мұны жаздым ойланып,
Ойда бардан толғанып.
Кірсе ішіңе оқи бер,
Бозбалалар, қолға алып…»
Тек мұндай тақырыпта ғана емес, Абай мен Тоқай табиғат құбылыстары, өмір мен өлім жайында толғау-тебіреністерінде біріне-бірі жуықтайды, жақындайды, үйлесім табады.
Ғ. Тоқай ізбасарларының, татар әдебиетінің көрнекті тұлғалары Ғалымжан Ибрагимовтың, Шейхзада Бабичтің, Ғұмар Башировтың, Мұхамед Ғайнуллиннің, Сибғат Хакимнің, Хатип Усмановтың, т,б, Абай жөніндегі пікір-лебіздері өте жақсы. Ал Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының татар тіліне аударылуы ұлы ақынның тұлғасын татар халқына танытып, жақындатқаны сөзсіз.
Абай өлеңдерінің татар тіліне тәржімеленіп, «Абай өлеңдері мен поэмалары» деген атпен ХХ ғасырдың 40-ншы жылдарынан аса халықтың қолына тиді. Ал ұлы ақынның шығармалар жинағының бір томы «Хикмәтлә суз» деген атаумен 1960-ншы жылдардан кейін жарық көрді. Кітаптың алғы сөзін жазған ақын Сибғат Хаким: «Абай өлеңдерінің қазақшадан татаршаға тәржімелерін оқып шыққан соң, өзінен-өзі: «Бұл әдебиеттің негізі нендей және сол әдебиеттің негізін салушы кімдер?» деген сауал туды. Бір кезде осындай ой Тоқайдан кейін де менің басыма келген еді. Пушкиндер, Шевченко, Абай, Тоқайлар осылай ойландырады. Олар үшін айырым тақырып, айырым мәселе, тұрмыстың нендей бір олағы жоқ, ұлт бір жәмиғат бар, ел бар, халық бар. Көңілде – халық, оның тарихы, тағдыры» деп ұлы ақынның туындыларының қадір-қасиеті, ұлттық сипаты, мазмұнының байлығы мен тереңдігі, өрнектерінің бейнелілігі жайында орнықты ойлар айтады.
***
Түрікмен әдебиетінің Абаймен таныстығы 50-нші жылдарға тұспа-тұс келді. Ұлы ақын шығармалары түрікмен тіліне оның қайтыс болуына 50 жыл толғанда аударыла бастады, ал түрікмен әдебиетшілері мен ғалымдары Абайдың шығармашылық жолы мен поэзиясының ерекшеліктері жайлы ғылыми мақалалар жазды.
Б. Кербабаев, Б. Сейтақов, А. Алымкулов, Н. Гуллаев, А. Белмурадов, Н. Эсенмурадов, т.б. Абай өлеңдеріне жан-жақты талдау жасайтын мақалалар арнады. Түрікмен ақындары М. Сеидов, К. Эзизов, С. Ураев, А. Баймурадов, А. Оразтағановтар Абай өлеңдерін өз тілдеріне аударды.
Түрікмен әдебиетінде Абай дәстүрін жалғастырған шахирлар қатарында Кер-Молла, Байрам-шахир, Молла-мұрт, Дурды-Клыч, Ата Салих жайында түрікмен әдебиетшісі А. Баймурадов «Поэзиямыздағы Абай дәстүрінің жалғасуы» атты көлемді мақала жазды. Мұнда Абайға тән суырыпсалмалық қасиет түркімен әдебиетіндегі импровизаторлық өнермен ұқсастығы, өзгешелігі қамтылып, кеңінен талданды.
***
Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдығына байланысты туысқан елдер әдебиеті тартуын жасай бастады. Соның бірі – Түркия елінің Памуккале университетінің қазіргі заман түркі елдерінің диалектілері мен әдебиеті кафедрасының ұжымы дайындаған «Түркі дүниесінің білгірі – Абай Құнанбайұлы» атты ғылыми зерттеу еңбегі.
Көлемі 660 беттен асатын, сексеннен астам авторды қамтыған іргелі еңбек расында да абайтанудың жаңалығы, қазақ еліне шынайы құрметтің белгісі. Ауқымды жұмысты басқарған көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Нергиз Бирай ханымның туысқан түрік елдерінің әдебиетіне, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ғалым, оның шәкірттері де ғылым жолында бауырлас халықтардың мәдени мұрасын зерттеуде елеулі қызмет сіңіріп келеді. Аталған кафедра ұжымына, ондағы профессорлар мен мұғалімдерге, университет басшылығына, жазушылар одағы мен басқа да ғалымдарға шексіз алғыс айтамыз.
Бұл орайда тұтас түркі бірлігіне қалтқысыз қызсмет етіп келе жатқан Түріксой ұйымына, Түркі кеңесі ұйымына, халықаралық Түркі академиясына және Еуразия Жазушылар одағына да ризашылық сезімімізді білдіреміз.
Заңғар Кәрімхан