Астана. 18 қараша. BM.KZ — Түркістан облысы Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы хабарлаған.
Анасының айтуынша, жасөспірім күндіз үйден шығып, қайта оралмаған.
— Қызды іздеу үшін аудандық полицияның жеке құрамы жұмылдырылып, қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Іздеу барысында полицейлер оның таныстарын, байланыстарын және болуы мүмкін жерлерін анықтады. Нәтижесінде тәртіп сақшылары 15 жасар оқушыны Алматыдан тапты, — делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ресми ақпаратта.
Белгілі болғандай, ол мегаполиске өз бетімен кетіп, серуендемек болған. Қыз аман-есен үйіне жеткізіліп, ата-анасына тапсырылды.
Қазіргі уақытта полицейлер жасөспіріммен профилактикалық әңгіме өткізді, сондай-ақ оның ата-анасына да түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
