2024 жылғы 1 сәуірде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша вице-премьер Серік Жұманғарин көктемгі тасқын судан зардап шеккен өңірлердің әкімдіктерімен, АӨК секторының қаржы институттарымен, «Атамекен» ҰКП және салалық мемлекеттік органдармен жедел кеңес өткізді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі деректері бойынша, еріген судан зардап шеккен Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Абай облыстарындағы тұрақтандыру қорларында бүгінде 63,4 мың тонна азық-түлік бар.
Барлық өнім құрғақ жерде сақталады және тасқын судан зақым келген жоқ.
Басқа өңірлердің тұрақтандыру қорларында шамамен 110 мың тонна азық-түлік қоры бар және қажет болған жағдайда ол қор зардап шеккен өңірлерге жедел жөнелтілуі мүмкін.
Серік Жұманғарин зардап шеккен өңірлердің басшыларын тыңдап, дүкендер мен сауда орындарының жұмысын барынша тез қалпына келтіруге және азық-түлік қорларын қажетті көлемде шектеуден шығаруға назар аудару қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-ға өңірлерді ауыл шаруашылығы жануарлары үшін азықпен қамтамасыз ету мәселелерін жылдам және бюрократиясыз пысықтауды тапсырды.