Астана. 30 қаңтар. BM.KZ – Мұғалімге түпкілікті 2 жыл 4 ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Енді ол алдағы үш жылда сабақ бере алмайды.
Ақтөбеде мектеп мұғалімі ҰБТ кезінде шекті балл жинауға көмектесетінін айтып, екі оқушысын сендірген. Ол әр балл үшін 7 мың теңге алған. Алаяқтық жолмен ақша тапқан педагог ісі сотта қаралып, оған айып тағылды.
— Мектеп мұғалімі Ұлттық біріңғай тестілеуден өткізіп беретінін, 1 балл 7 000 теңге болатынын жеткізіп, 80 балл жинау үшін 560 000 теңге алған. Сот отырысында сотталушы өзінің кінәсін толық мойындады. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. «ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сүйеніп жазаның үштен бір бөлігі қысқартылды. Сотталушыға түпкiлiктi 2 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.
Сонымен бірге педагог үш жыл бойы өз мамандығымен жұмыс істей алмайды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
