Біздің мемлекетте халыққа қаржыны бөлу жағынан аса қиындық жоқ. Ақша бөлінсе, оны жесін деп бөлмейді ғой.
Ел басына күн туса, блогерлердің, қоғам белсенділерінің, ел алдында жүрген адамдардың сөзіне еріп, халық өз-өзін құтқаруға жанталасады. Бұл – жақсы, әрине. Бірақ бір өкініштісі, ТЖ уақытында сол бөлінген ақшаны орынды жұмсап, басқара алатын адам жоқтың қасы.
Біздің министрліктердің бар ойы – сол бөлінген қаржыны оңды-солды шашып, игерді деген атағын алу ғана ма? Егер бөлінген қаржы артылып қалса, қайтадан елге қайтаруға,өткізуге болмай ма? Менің ойымша, артылып қалған қаражатты қайта өткізуден, артық сұрақ туындатпай, оңды-солды шашып, игере салу әлдеқайда оңай сияқты. Содан болар, Астанада жоқ қарды тазалайтындар, Алматыда бүтін тротуарды бұзып, қайта төсейтін мердігер компаниялардың көп болатыны. Бұл елдегі мәселелердің мыңнан бірі, ең кішкентайы ғана шығар.
Бала кезімізде ата-анамыз дүкенге жұмсаса, қалған ақшасын сұрайтын немесе біз сұратпай-ақ қайтаратынбыз. Бұл мемлекетте жұмсауға берген ақшаның есебін сұрау жоқ па?
Соңғы бес жылда әр облыс, әр ауданда ТЖ болып, халық абдырап қалды. Төтенше жағдай орын алған жердергі жағдайды саралап, алдын ала болжам айта алатын, қандай апат болмасын дер кезінде әрекет жасайтын, шұғыл қызмет көрсететін маман болмағандықтан, эвакуациялауға кеш келіп, дер кезінде дұрыс шара қолданылмай, шығынды еселеп алып жатырмыз.
Сол саланы нақты білетін маманның есептеуі, бағыт-бағдары болмағасын біресе өрттен, біресе топан судан азаматтарымыздан, тіпті түгел ауылымыздан айырылып жатамыз. Сонда да халық өз қотырын өзі қасып, өз күнін өзі көріп, бірдеңені ұйымдастырып, өз өздерін құтқаруға барын салады.
Мысалы Арыс пен Тараздағы жарылыстар, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны, шығыстағы өрт, Екібастұздағы ТЭЦ-тің жарылуы, енді міне Батыс пен Солтүстіктегі топан су. Бұның бәрін «Алланың сынағы» дей бермей, ес жиып, етек жабатын уақыт келген жоқ па?!
Әр апат сайын кінәліні іздеп, нақты себепші жемқорларға немесе лауазымды тұлғаға бата алмай, әлсіз бір қызметкерге жаба салуға шеберміз. Бұлай жасау тіпті, бізге салт болып кеткен сыңайлы. ТЭЦ жарылса – от жағушы кінәлі, қару-жарақ қоймасы жарылса – күзетші кінәлі, топансу басса – мұрап кінәлі…
Су тасқыны кезінде ең қауіп төнген ауылдарды эвакуацияламай, «ешқандай қауіп қауіп жоқ, бәрі жақсы» деп халықты тыныштандырып, алайда іс жүзінде мүлде басқаша болып, халықты үлкен шығынға батырды. Бізде барлығын жақсы қылып көрсету қанында бар сияқты. Тіпті кейбір имамдар халыққа: «Проблемаларың болса да, түк болмағандай жүріңдер, сықиып киініп, елге жаманшылықтарды білдіртпеңдер» деп уағыз айтып жүр. Біздің халық, басқасын қатырмаса да, осындай өзіне жағатын әңгімені миына құйып алады. Ал әкімдік қызметкерінің жүрісі анау, уайымсыз-қайғысыз автосалонда жаңа көлік іздеп жүр. Әкімдіктегілер солай жүрсе, министрліктегілер елге деп бөлінген қаржыны қалай қарпып қалсам екен деп, Еуропадан алар сужаңа котеджінің бағасын қарап жүрген шығар, бәлкім…
Елдегі барлық сала ақсап тұр. Мына сутасқыны біраз дүниенің бетін ашты. Тіпті су саласын зерттейтін, алдын ала болжай алатын гидротехник мамандар мүлде жоқ. Оны оқытатын оқу орындары әлдеқашан жабылып қалғанын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты. Ал дәл осы су тасқынынан туындайтын бірнеше мәселе бар. Әуелгісі – су тасқынынан қырылған мал. Оны жойып, залалсыздандыратын эпизоотолигия отряды қалай жұмыс істейді, ондай отряд бар ма бізде? Екінші – егіс алқаптарындағы мәселе. Оны реттей алатын агромамандар ше? Үшінші – шабындық, жайылым. Дамбы тұрғызу үшін күреп тастаған алқаптар жазғы жайылымға жарай ма? Мұндай мәселелерді туындатып жаза беруге болады. Біз тұрғын үй, баспана, мектеп т.б. қатарлы адам қолынан келетіндерді айтқан жоқпыз. Табиғи жағдайларды атап өттік.
Әрине, маман бар. Бірақ, қолына өтірік диплом ұстаған, шала сауатты, тәжірибесіз мамандар бұл түйткілді түйіндерді шеше ала ма? Бұл – басты мәселе! Шын мәнінде жұмыс істейтін маман саусақпен санарлық қана. Ал ЖОО-лардың бұл салалар бойынша бәлен студент білім алды деген статистика үшін жұмыс істеп, «бармақ басты, көз қыстымен» диплом бере салатыны – бөлек мәселе. Одан кейін өтірік диплом алған тәжірибесіз маманға жұмыс табылмайтыны немесе жұмыс істемейтіні тағы да бөлек мәселе
Ал кеше ғана осы гидреология саласына 800 маман керек деген ақпарат тарады. Бір қарасаң, біздің жүйе осы салаларға студенттерді зорлап оқытып, тек «маман бар ма, бар» деген санын ғана толықтырып алғысы келеді. Аз баллмен грантқа түсіп, өзіне ұнамайтын салада маман атану жұмыстың тиімділігін арттыра қояды деу, ақылға симайды. Саны бар, шын мәнінде өзі жоқ маманның не қажеті бар? Бітіргесін оны зорлап ауылды жерге жібереді. Егер бармаймын десе ірі көлемде айыппұл салып, қорқытып ұстап қалғысы келеді.
Сол сияқты әскерге де қуып жүріп, көшеден, оқуынан, жұмысынан айырып зорлап жібереміз.
Менің түсінбейтінім, нағыз керекті салалардың жалақысын көтеруге мемлекетті қордағы қаражат жетпейді дейін десем, елде жемқорлардың кеңірдегінен өтіп кеткен ақшаның есебі мен ТЖ кезіндегі шығын есебі одан 2,3 есе көп.
Қарапайым әскердің өзіне зорлап, көшедегі баланың желкесінен сүйреп әкетеміз. Сосын ондай бала барады да, не әскерден қашады, не өз-өзіне қол жұмсап, асылып өліп тынады.
Барлығын зорлық-зомбылықпен, күшпен бағындырғымыз келеді. Бұнай әдістің қажеті бар ма? Жалпы осындай әдіспен маман санын көбейтіп, әскер қатарын толықтыру қаншалықты дұрыс?
Егер сол мамандардың жалақасын көтерсе, жұмыс орнында жағдай жасалса, әскер қатарында болғаны үшін айлығына үстемақы қосылса, жалпы бір сөзбен айтқанда жағдай жасалса. Әскер болсын, ауыл шаруашылығы болсын, қай сала болса да осы әрекеттер жасалса, жастар өздері-ақ сол салаларға баруға талаптанар еді.
Бюджеттен сол бағытқа қимаған қаржы еселеп шығын болып, далаға кетіп жатыр. Осы күнге дейін жыр болған ЭКСПО мен ЛРТ-ға жұмсалған қаржының өзі-ақ бүкіл елдің біраз проблемасын біраз жылға дейін шешіп тастар еді. Елде ақша жоқ деп отырып, осындай маңызсыз жобаларға құмармыз.
Мысалы, менің естуім бойынша, ЛРТ жобасына 1,5 млрд доллар жұмсалып жатыр. Сіздерге түсінікті болу үшін, қарапайым арфметиканы құрып көрейін.
Соңғы үлгідегі су жаңа қоғамдық көлік 60-70 млн теңге десек, сондай көліктің 10 000 данасын сатып алуға болады. Яғни, бүкіл Қазақстанды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ететін қаражатқа 30 км-ге жетпейтін ЛРТ салып жатырмыз. Қаржыны қанша көп жұмсасақ та, сол 30 шақырым жерді 10 жылдан бері бітіре алмай әлекпіз…
Осындайда біздің үкімет шынымен жемқор ма әлде есеп білмей ме деген сауал өз-өзінен көкейге оралады екен…
Шыңғыс Өркен