Астана. 31 қаңтар. BM.KZ — 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мақсатты жинақтарды пайдалану туралы 205 505 өтініш орындалған. Аударылған қаражаттың жалпы көлемі 31,61 млн доллардан асқан.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оның ішінде 127 445 өтініш бойынша 19,69 млн доллар тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, 78 060 өтініш бойынша 11,92 млн доллар білім алу ақысын төлеуге бағытталған.
2026 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша 6 918 656 қазақстандық балаға кезекті есептеу жүргізілді. Бір балаға 130,71 доллар мөлшерінде тиесілі. Нәтижесінде бағдарламаға үшінші жыл қатарынан қатысып отырған балаға есептелген қаражаттың жалпы құны инвестициялық кірісті қоса алғанда 370 доллар 56 центті құрады. 2026 жылы 356 613 Қазақстан азаматы 18 жасқа толып, өз мақсатты жинақтарын пайдалану құқығына ие болады.
Айта кетейік, бастаманы іске асыру 2024 жылғы 1 қаңтардан басталды. Бағдарламаға 2006 жылдан бастап туған Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық баласы қатысады.
