Астана. 21 тамыз. BM.KZ — Бас прокуратура лазерлік құрылғылар және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен әуе кемесін басқаруға кедергі келтіргендерге қылмыстық жауапкершілік жайында хабардар етті.
Ұшқыштарды лазерлік құрылғылармен соқыр ету қаупі нақты және өте қауіпті. Мұндай әрекеттер ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді, әсіресе ұшу және қону кезінде. Мұндайда ұшқыштар уақытша көру қабілетінен айрылып, оның арты ұшақ апатына әкелеуі мүмкін.
Қазақстанның авиациялық қызметтерінің мәліметі бойынша, соңғы 6 жыл ішінде жолаушылар лайнерлерінің экипаждарының көзін шағылыстырған 98 оқиға тіркелген. Оның ең көбі Алматы халықаралық әуежайында болған. Онда 2017 жылы 8 хабарлама тіркелсе, 2023 жылы 30-ға жеткен.
Соңғы уақытқа дейін отандық заңнамада мұндай әрекеттер үшін арнайы жауапкершілік қарастырылмай келді. Бұл кінәлілерді жауаптылыққа тартуды айтарлықтай қиындатқан.
Сонымен қатар, Австралия, Германия, Жаңа Зеландия, Канада және АҚШ сияқты елдерде ұшқыштарды лазерлік соқыр ету қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылып, ол үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Қазір жағдай өзгерді. Биыл 16 шілдедегі заңның қабылдануымен Қылмыстық кодекске лазерлік құрылғыларды немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, әуе кемесін басқаруға кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жаңа 352-1-бап енгізілді», – деп жазылған Бас прокуратура мәлімдемесінде.
Жаза жасалған әрекеттің салдарына байланысты айыппұл немесе қамауға алудан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін өзгереді. Прокуратура бұл жаңашылдықты қоғамдық қауіпсіздікті қорғау және көлік саласындағы қылмыстық шабуылдардың алдын алудағы маңызды қадам ретінде қарастырады.
