Жапондық дзюдошы Ута Абэ Париждегі Олимпиада ойындарында жеңіліс тапқан соң эмоцияға ерік беріп, жарыстан кейін жылап жібергені бәріне мәлім. Ал оның бапкері оған аренадан шығуға көмектесті.
Айта кетейік, Ута Абэ 2018, 2019, 2022 және 2023 жылдары жазғы Олимпиада ойындарында 52 кг салмақ дәрежесінде әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған. Оның танымалдығы Токио-2020 Олимпиада ойындарында арта түскен еді. Ол кезде ағасы Хифуми Абэ екеуі бір күнде олимпиада чемпиондары атанды. Осылайша ешқашан «жеңіліп көрмеген» спортшы қыз Париждегі Олимпиадада да осы жетістікті қайталауды армандады.
Алайда Париж Олимпиадасы Ута үшін үлкен соққы немесе тосынсый болды. 2024 жылы IJF Grand Slam турнирлері мен әлем чемпионаттарына бірнеше рет қатыспағандықтан, ол олимпиадалық рейтингте 9-орында болды және жеребеде алғашқы қатарға орналастырылмай қалды. Өзбекстандық спортшы, екі рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Диёра Келдиёровамен жапондық дзюдошы 2 рет кездесіп, екі рет те Абэ 1,5 минутта иппонмен жеңіске жеткен. 2023 жылғы әлем чемпионатының финалында да Келдиёрованы жеңіп, алтын медальды иеленген. Алайда спортшыға биылғы олимпиада ойындарында жеңіске жету бұйырмапты.
Әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткен видеоларда Ута Абэнің өксіп жылағаны ойын алдында ғана анасының қайтыс болғанынан деген себеп айтылған еді. Алайда спортшының өзі мұның қате болжам екенін айтты. Шаршы алаңдағы көз жасы – жеңістің дәмін татып үйренген спортшының жеңіліс сәтіндегі ішкі эмоциясы, қобалжу мен жауапкершіліктің хабаршысы ғана екені мәлім.