Астана. 22 қаңтар. BM.KZ – ҚР Ішкі істер министрлігі заңсыз көші-қон арналарын жою бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қаңтар күні криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолы кесілді.
Тергеу барысында ұсталған адамдардың таяу шет мемлекеттердің азаматтарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуге көмектескені анықталды. Олар көрсеткен қызметтері үшін ақшалай сыйақы алып отырған.
Тінту шаралары кезінде күдіктілерден 500-ден астам нотариалдық сенімхат, шетелдік төлқұжаттар, жалған құжаттар, сондай-ақ байланыс құралдары тәркіленді.
Аталған факті бойынша ұйымдастырушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ішкі істер министрлігі көші-қон заңнамасын бұзудың кез келген фактісі жазасыз қалмайтынын ескертеді. Заңсыз көші-қон арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
