KAZINFORM – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Жапония ғалымдары бірлесіп Сыр өңірі аумағында археологиялық қазбалар жүргізеді.
Халықаралық ғылыми жобаны жапондық әріптестермен бірге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің археология және этнография орталығының ғылыми қызметкері Ыслам Құрманиязов жеңіп алған.
Жобаны Жапонияның Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрлігі қаржыландырады. Токио қаласындағы Мэйдзи университеті Обсиадан және тастарды зерттеу орталығымен бірлесе отырып археологиялық зерттеу жұмыстарын 2024-2027 жылдар арвлығында атқарады.
Ғалымдар Арал маңының ежелгі дәуірлер ескерткіштерін табылған жәдігерлерге архео-ботаникалық әдіс арқылы зертханалық талдау (қыш ыдыстарға) зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Қазіргі таңда университеттер екі жақты меморандумға қол қоюға дайындық жүргізілуде. Зерттеушілер құрамында философия докторы (PhD), Мэйдзи университетінің Обсиадан және тастарды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Эйко Эндо философия докторы (PhD), Нара ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі Шинья Шода және Қорқыт Ата Қызылорда университетінен гуманитарлық ғылымдар магистрі, докторантура түлегі Ыслам Құрманиязов бар.
«Жапон ғалымдары қыш ыстардағы ас қалдығын зерттейді. Сыр өңірінің Аралдың солтүстік шығыс бөлігінде қола және темір дәуірінде мекендеген тайпалардың, егіншілердің, бақташылар тұрмыста қолданған қыш ыдыстарын зерттейді. Әсіресе тары, бидай секілді дақылдарды қаншалықты деңгейде пайдаланғанын қыш ыдыстардан алынған астық қалдықтарына кешенді зерттеу жүргізеді» — дейді жас ғалым Ыслам Құрманиязов.
Жапондық ғалымдардың Сыр өңіріне іс-сапары тамыз айында жоспарланған. Іс-сапар аясында университет базасындағы археологиялық қазбалар кезінде табылған қыш ыдыстарды зерттеп, Қазалы, Арал аумағындағы ескерткіштерді аралайды. Жоба аясында екі ел ғалымдары тәжірибе алмасып, бірлескен жұмыстарды арттырмақ.
Еске салсақ, бұдан бұрын литвалық Гидре Мотузаите Матузевичюте Қазақстан және Сыр өңірінің археологиясы жөнінде ой бөліскен еді.