Қазақстанда биыл шілдеде Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарына әзірге 30 жолдама ғана бар. Спорт министрлігі олимпиадаға 80 жолдама алуды көздеп отыр, бірақ ведомство алтын медаль мен жүлде саны бойынша болжам жасаудан тартынады.
Сарапшылар Токио-2020 ойындарындағы сәтсіздіктен соң жанкүйерлер құрама алтын жүлде алады деп үміттенетінін, алайда қазір елде «олимпиада алтынын алады-ау» дейтін фавориттер жоғын айтады.
Спорт және туризм министрлігінің Азаттыққа берген ақпаратына сүйенсек, ұлттық құраманы Париж олимпиадасына дайындау үшін бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлінген. Ал спортшылар мен делегацияның Париж олимпиадасына баруына 896 млн 687 мың теңге жұмсалмақ. Спортшылардың олимпиададағы киіміне 130 млн 125 мың теңге, полиграфия өнімдеріне 893 мың теңге бөлінбек.
Әр олимпиада алдында оған қатысатын елдер неше медаль алуы мүмкін деген болжам жасайтын америкалық Gracenote талдау компаниясы «Парижде Қазақстан екі алтын алуы мүмкін» деп топшылайды. Gracenote қазақстандық боксшылар Асылан Шымбергенов пен Нұрбек Оралбайды чемпион болудан үміткер деп атаған.