Атырау. 29 тамыз. /Ербол Тұрымбет/ BM.KZ — Атырауда «Мұнай-газ саласындағы жасанды интеллект» тақырыбында форум өтіп жатыр. KazService президиум төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, жиында 100-ден аса компания өкілі бас қосқан. Ал қатысушылардың 40%-ы 25 пен 40 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер.
Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Сайланбаевтың сөзінше, жасанды интеллект бүгінде мұнай-газ саласында да жиі қолданыла бастаған. Әсіресе, анализ жасағанда. Мысалы, бір жерде бұзылып жатса, соны уақытылы анықтауға болады.

Операциялық қызметте де көмегі көп. Виртуалды көмекшіні құжат рәсімдеу бойынша немесе ережелерді жылдам біліп отыру үшін қолдануға болады. Қазірдің өзінде еліміздегі Shell секілді ірі-ірі деген мұнай компаниялары жобалау, жоспарлау салаларына жиі қолданып жүр.
Энергетика министрлігі департаментінің директоры Темірлан Үркімбаевтың айтуына қарағанда, қазір «ҚазақГаз» АҚ ЖИ жүйесін белсенді қолдануға көшкен. Ол ұялы қосымшаға газ есептегішінің мәліметтерін көрсетіп отырады. Пилоттық жоба өңірлерде өзінің тиімділігін көрсеткен. Ол операторлардың жұмысын жеңілдетіп, нақты есебін суретпен қатесіз көрсетіп, тұтынушыларға сапалы ақпарат беріп отырады.
«Отын-энергетика кешенінде қолдану үшін де бөлек ЖИ агенттері жасалып жатыр. Оны жобалау, болжау жұмыстарына қолдануға болады. Электр энергиясы саласында да осындай пилоттық жүйе қолға алынған. Оның көмегімен әуе электр тасымалының жай-күйін диагностикалауға болады. Ол электр желілеріндегі дефектілерді тез арада анықтап, жөндеп отыруға мүмкіндік береді», — дейді ол.
Оның сөзінше, өндіріс процестерін автоматтандыру, өндірістік қауіпсіздік салаларында да тереңдеп енгізу жоспарланып отыр. Бұл адами фактор мен апаттарды азайтып, саланың технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
