Сеул, 2024 жылғы 21 наурыз – Қазақстанның Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов Халықаралық орман күніне арналған «Орман және инновация – Үздік әлем үшін жаңа шешімдер» атты салтанатты іс-шараға қатысты. Ұйымдастырушылар Корей орман қызметі және Азия орман секторындағы ынтымақтастық ұйымы (AFoCO) болды.
Қазақстан Елшісі өз сөзінде Қазақстанның Корей орман қызметімен және AFoCO -мен ормандарды есепке алу және қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастығының оң динамикасын атап өтті. Қазіргі уақытта орман шаруашылығы бойынша деректерді жинауды автоматтандыру және отырғызу материалдарын өндіру технологияларын арттыру бойынша екі бірлескен жоба іске асырылуда. Корей тарапымен ынтымақтастықтың сәтті мысалы ретінде Арал теңізінің құрғақ түбіне сексеуілдердің отырғызылуы атап өтілді.
Іс-шара аясында қазақстандық дипломат Корей орман қызметінің төрағасы Нам Сонг Хёнмен Өңірлік білім беру және кәсіптік даярлау орталығын және Қазақстанда AFoCO-ның өңірлік Өкілдігін ашу мәселесін талқылады. Корей тарапы Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Сондай-ақ, тараптар орман өрттеріне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықтың келешегі және дрондарды, жасанды интеллект пен спутниктерді қолдана отырып, орман алқаптарын мониторингтеудің озық технологияларын енгізу туралы пікір алмасты.
Қазақстан 2019 жылдан бастап AFoCO-ның мүшесі болып табылады және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі ұйымның Хатшылығына іссапарға жіберілген.
Ормандарды сақтау мен қалпына келтіруге арналған іс-шара табиғаттың жаңаруы мен адамның қоршаған әлеммен үйлесімін бейнелейтін Наурыз мерекесі аясында өтуінің символдық мәні бар.