Атырауда өткен үшінші Құрылтайда Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы, саясаткер Азаматхан Әміртаев еліміздегі өңдіріс орындары төлеп жатқан экологиялық эмиссияны көбейту мәселесін көтерген еді. А.Әміртаев Қазақстандық өндіріс компаниялары қоқыс қалдықтары үшін 72 тенге ғана төлейтінін айтқан еді.
Кеше ғана Kazinform агенттігі «Қашаған операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компания Н.В». (NCOC) экологиялық нормаларды бұзғаны үшін 12,4 млрд теңге мөлшерінде айыппұл төледі», деп хабарлады.
— 2022 жылы экологиялық инспекция «Норт Каспиан Оперейтинг Компания Н.В». (NCOC) компаниясының теңіз кешенін тексеру нәтижелері бойынша экологиялық талаптардың нормаларын бұзу, оның ішінде күкіртті газды экологиялық рұқсатсыз жағу, өндірістік суларды Каспий теңізіне тазартусыз ағызу фактілерін анықтады. NCOC-қа қатысты 5 әкімшілік іс қозғалды, олар Атырау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Ағымдағы жылдың ақпан айында Атырау қалалық сотының апелляциялық сатысы кәсіпорынға 12 млрд 419 млн теңге көлемінде айыппұл салды, ол толық көлемде төленді, — делінген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің хабарламасында.
Бұзушылықтарды жою туралы нұсқама қазіргі уақытта Жоғарғы сотта қаралуда. Бұған дейін Астана қаласы сотының 1-ші және 2-ші сатысында ұйғарым заңды және негізді деп танылған болатын.