➤ Ойыл ауданында барлығы 340 үйді су басқан, қазіргі уақытта 49 үй әлі де су астында қалып отыр.
➤ Ең көп зардап шеккен ауыл тұрғындары Ойыл ауылындағы үш эвакуациялық пунктіге орналастырылған.
Вице-премьер эвакуациялық пунктілердің жай-күйін қарап, ондағы адамдардың талап-тілектерін тыңдады. Оларды, ең алдымен, залал келтірілген баспананың қаражатын өтеу тетігі, оны әділ бағалау, өз бетінше үй салу немесе ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі сияқты мәселелер қызықтырды.
Серік Жұманғарин барлық ұсынысты Үкімет деңгейінде қарастыруға уәде берді.
Су тасқыны кезінде толығымен су басқан Екпетал елді мекеніндегі 48 және Жаңабастағы 19 үйдің тұрғындары жаңа үй салынып берсе, Ойыл ауданының орталығына біржола көшуге әзір екендерін жеткізді.
Серік Жұманғарин аудан әкімі Асқар Қазыбаевқа осы және басқа да зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарымен көшудің барлық тетігі және мүмкіндіктерін талқылауды тапсырды.
Сонымен қатар вице-премьер Ойыл өзені арқылы өтетін, бүгінде жарамсыз болып қалған көпірді қарап, сол жерде ҚазжолҒЗИ мамандарымен қалпына келтіру жұмыстарын тез арада бастау мүмкіндіктерін талқылады.