Астана. 26 қаңтар. BM.KZ – Ыстамбұлдың Шишли ауданында адам шошырлық оқиға болды. Дуатепе ықшам ауданында кешкі уақытта қоқыс жәшігінен әйел адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Sabah басылымы хабарлады.
Оқиға кеше шамамен сағат 19:40-та болған. Қоқыс пен қағаз жинап жүрген О.Ч. есімді азамат Kuyulubağ көшесіндегі №25 үйдің алдында тұрған қоқыс контейнерін тексеру кезінде ақ жайма мен пакетке оралған мәйітті байқап қалған.
Мәйітті көрген азамат бірден полиция бөліміне барып хабар берген. Полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп, алғашқы тексеру жүргізді. Тексеру барысында мәйіттің басы кесілгені және оның әйел адамға тиесілі екені анықталды.
Марқұмнан алынған саусақ іздері арқылы оның жеке басы белгілі болды. Ол — 37 жастағы Өзбекстан азаматы Дурдона Хакимова болып шықты.
Қазір оқиғаға байланысты тергеу басталды. Полиция қылмыстың мән-жайын анықтап жатыр.
