Жастар ауылдан ат-тонын ала қашады, масылдыққа бейім деген сөз жаңсаққа айналып келеді. Қарағанды өңірінде ауылға қоныс аударып жатқан жас маман көп. Керек десеңіз, қаладағы жұмысын тастап, шаруашылық ашып жатқан жігіттер де бар. Солардың ішіндегі ең жасы, еті тірісі – Нұрбек Жәнібекұлы.
24 жастағы Нұрбектің алдында бір отар қойы бар. Еділбай қойын өсіріп, өрісін толтырып, нарыққа шығарып отыр. Әкесінің де шаруашылығында жылқы мен сиыр бар. «Шаруаның бір шетін көтерісемін» деп келген ұлына еншісін беріп, жеке шаруашылық етіп шығарды. Еділбай қойын өсіруді о баста ойластырып келген Нұрбек шаруасын ширатып ала жөнелді.
Нұрбек жасы 18-ге толысымен оқуын сырттайға ауыстырып, жұмысқа шықты. Білім алып жүрген мамандығына сәйкес еңбек жолын әуелі пойызда жолсеріктен бастады. Көп ұзамай жолсерік бригадирі болды. Теміржол саласындағы төрт жыл еңбек өтілін тәрк етіп, ақырында атакәсіпті өркендетуге белін бекем буды. Баласының бұл ойын әкесі Жәнібек те бірден құптады. Қой шаруашылығын көтерейік деген ойы да әкесінің қолдауын тапты. Үй ішінің сенімін әбден сезінген ол кәсіпке қорықпай кірісті.
«Әкемнің шаруашылығында жылқы, сиыр бар. Бірақ менің қой өсіргім келді. Неге десеңіз, қой еті сиыр етінен қымбат. Төлі тез өседі, тез көбейеді. «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деген бабаларымыздан қалған сөз бар ғой. Біз көбіне тұқым ретінде саудалаймыз. Шаруа қожалығы иелері алады. Қой өсіргісі келетіндер де алып, малданады», дейді фермер Нұрбек.
Жас фермер қыстағы Қарағанды іргесінде. Бұрын ол жерді «Түйеқонған» деп атаған. Ақсақалдар бұл жерден үлкен көш үдере көшкен, осы бір жайлы жерге керуен тоқтаған деседі. Ол көште саудагер-көпестер көп болған. Осы бір ретте Нұрбек батырдың ырымшыл екенін аңғарып қалдық. Шаруашылығын ашайын деп жатқан кезде 1981 жылғы шығарылған тиын тауып алыпты. Бірден жақсыға ырымдап, қойым байытады деп қолын жайған көрінеді.
Жас фермер Еділбай қойын әлемдік нарыққа шығарғысы келеді. «Шаруашылығын енді ғана бастап жатқан жігіттің қолынан бұл келер ме екен?», деуіңіз мүмкін. Бірақ ойлағанын орындаймын деп білегін сыбана кіріскен. Қалай десеңіз, айтайық. Әлеуметтік желі арқылы. «Instagram», «Tik-Tok» парақшаларын белсенді жүргізіп отыр. «edilbai_kz» деген атаумен екі парақшасындағы оқырман саны 100 мыңға жуықтап қалған. Әр жазбасын еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті көршілес елден де қалт жібермей, қарап отыратын оқырмандары бар.
«Әлеуметтік желідегі парақшаларымда атакәсіппен енді айналысып жатқандарға бағыт-бағдарымды көрсетемін, шаруашылыққа қажетті түрлі видеоларды жүктеп отырамын. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының озық дамығанын қалаймын», дейді кейіпкеріміз.
Мәселен, 115 мың қаралым жинаған видеосында ол қойға бидайды қалай беру керектігімен бөліседі. «Еділбай қойының ерекшелігі боранға қарамай, тебіндеп жайыла береді. Суыққа өте төзімді. Дегенмен аязда бидай береміз. Ол ішін қыздырады. Сол себепті еркін жайылады. Жас марқаларға, қошқарларға да береміз. Күйін жоғалтпайды. Көп мөлшерде беруге тағы болмайды. Буаз қойлар іш тастауы мүмкін», деп бейнежазбасын аяқтайды.
Қоздаған қойдың күтімі, оларға берілетін түрлі витамин, үгітілген бор, табиғи тұз беретінін жеткізеді жас шопан. Енді бір жарияланымында қойдың қорасы қандай болу керектігін, астының мұз әрі ылғал болмауына назар аудару қажеттігін айтады. Жазбаларындағы пікірлер топтамасына да көз жүгіртіп өттік. Ауылда тұратын оқырманға оң пайдасын тигізіп жатқандай көрінді бізге. Бәрі жас шопанға алғаусыз алғыстарын жаудырып жатыр. «Осы секілді біз біле бермейтін дүниемен бөлісіп тұрсаңыз, жақсы болар еді. Біраз ақпарат алдық» десе, енді біреуі «Қойыңыз қоңды екен. Жақсы салмақ қосатыны көрініп тұр. Қалай сатып алсақ болады?» деген сыңайдағы пікірлер қалдырыпты.
Демек Нұрбек желідегі парақшалары арқылы қойын сәтті саудалап отыр. Несі бар? Қойын сойып, оны қалаға апарып, базарда тұрып уақыт жоғалтпайды. Қорасынан-ақ өткізеді. Бұл да жас шопанның жарнама көзін жөн тапқандығы.
«Сенбі, жексенбі демалыс жоқ. Сегіз сағаттық жұмыс уақыты деген жоқ. Күні-түні малдың соңындамыз. Мал бағудың машақаты өте көп. Қып-қызыл бейнет. Бірақ береке бар. Еңбектің тәтті дәмін тататын кез де келеді», дейді фермер.
Нұрбек – әулеттің екінші ұлы. Бір ағасы, үш інісі бар. Әкелері ұлдарын адал еңбекке баулыған. Қара жұмыстан қашпайды. Жас шопанның тағы бір асқақ арманы бар. Өзінің адал жарын жолықтыру, отау құру. Бұйырса, ол күннің де аулы алыс еместігін де жасырып қалмады.
Қарағанды облысы