Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандары және су саласының ардагерлерінің қатысуымен кеңес өткізді.
Жиында тасқын суын жинау және өткізу үшін гидротехникалық нысандардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, сарапшылар мен сала мамандары Орал қаласындағы Шаған су қоймасының жұмысына қатысты ұсыныс-пікір алмасты.
Ресейдің Иреклі су қоймасынан жіберілген су 16-17 сәуірде Батыс Қазақстан облысына келеді деп күтілуде. Су тасқынына дайындық аясында негізгі каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Өңірдегі 14 су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 73%.
Айта кету керек, еліміздің оңтүстігіндегі «Қазсушар» филиалдары Батыс Қазақстан облысына қолдау көрсетіп жатыр.
«Ресей Федерациясындағы әріптестерімізбен тығыз байланыста болу маңызды. Уақытылы ден қою іс-шараларын ұйымдастыру үшін судың көлеміне қатысты ақпарат сағат сайын жаңартылып, барлық су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік жалғасады. Батыс Қазақстан мен Атырау облыстық филиалдарыдың жұмысын да үйлестіру қажет. Себебі, Жайық өзені арқылы Атырауға өтетін судың көлемін мейлінше азайтуымыз керек. Тасқын суын қауіпсіз өткізумен қатар барлық су қоймаларына су жинап алу да маңызды міндеттердің бірі»,— деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.