Осыдан 31 жыл бұрын Құлсарыға келген алапат су тасқыны мыңнан аса үйді бір мезетте басып қалып, адамдар бос тұрған биік ғимараттарға тығылып жан сақтаған деседі. Ол кезде коммуникация дамымаған кезең болғандықтан шығар, Құлсарыдағы бұл оқиға тарихтың тереңіне үнсіз ғана сүңігіп кетіп, артында қалған адамдардың арасында естелік күйі қалып еді. Алайда, топан су 2024 жылы жылы қайта тірілгендей болды. 5 сәуір күні Атырау облысына қарайтын 60 мыңнан астам тұрғыны бар Құлсары қаласын Жем өзенінің жағасынан асқан су басып, қаланың жартысы көшуге мәжбүр болды.
Бір айға жуық уақыт өтсе де, қаланың кей бөлігін әлі су басып жатыр. Су кетпеген аумақтар қоқыс пен жағымсыз иістен зардап шегіп жатса, су кеткен үйлер бағалау комиссиясын күтіп отыр.
Облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсенбаевтың «Власть» ақпарат агенттігіне берген сұқбатында: «4 сәуірде өзіміз әрекет ете бастадық. Ақсақалдар батасын берді. 200 шақты жігітті жинадық. Түнгі кезекке бөліп қойдық, біреуі сигналға жауапты болды, бірі көлікті айдауға, үшіншісі шатырға жауапты, төртіншісін күзетке қойдық», – деп түсіндірді ол.
Олар үйінен құм тасып, жеке құрал-жабдықтары мен көліктерін қолданған, жергілікті кәсіпорындар да көмек жіберген. «Бесі күні эвакуация болды ғой, жігіттер отбасын апару үшін Ақтау, Бейнеу, Боранқұл, Теңізге кетті. Біз жеті жігіт болып қалып, әлсіз жерлерге су өтпес үшін қапшықпен жаптық. Таңға дейін соны жасадық. Сосын жігіттер келіп, бізді ауыстырды», – дейді Сәрсенбаев. Мұнда келген суды ұстап қалудың арқасында мыңдаған адамды құтқарып қалдық дейді, себебі бұдан әрі жетінші ықшамаудан орналасқан. «Мұнда үлкен апат болар еді. Жан-жақтағы ауылдың жігіттері де қорғады. Суға кеткен де, кетпеген де аудандағы жігіттердің еңбегі адал. Табиғи апат болса да, оның алдын алуға болады. Егер қала билігі ескерткенде, халық мұнша ашуланбас еді. Олар соңына дейін “бәрі бақылауда” деп келгеніне ренжиді», – дейді Сәрсенбаев.
Ал астанаға арнайы келіп «Baimedia» арнасына сұқбат берген «Байтақ» жасылдар партиясының саяси кеңес мүшесі Медетқали Нұрғазы өз сұқбатында « Құлсарыға көл көшіп келгендей болдық. Су келгенде ғана дабыл қағылып, халық әбігерге түсіп кетті. Қала халқы жанталасып үдере көше бастады. Жем өзенінінен келетін су Ақтөбедегі үш коммерциялық плотиналар жарылып, көпірлерді жарып өткенін бізге сол жақтың тұрғындары хабарлады. Қаланың азаматтары тез жиналып бөгеттер тұрғыза бастады. Алайда ертеңінде келген әскерилер бөгеттерді әскеридер бұза бастағанына таң қалдық» дейді. Кейіннен сұқбат «Baimedia» ютуб арнасына шыққан кейін Құлсарыдан Медетқали мырза хабарласып, әкімдіктің астанаға барып жалған ақпарат беріп қайттың деп жатыр деген соң, біздің тілшілер шұғыл түрде Құлсарыға аттанып, мән-жайды өз көздерімен көріп, халықпен кездесіп қайтты. Бұл туралы ютуб арнамызда «Әкімдікті түгелдей алып тастау керек» деген тақырыпта үлкен материал жарияланған болатын. Иа, әлімжелінің артында отырып алып, түрлі пкірлер жазу оңай. Сондықтан да біз жағдайды ушықтырмай, тек ғана ақиқатты айтуды ғана көздеген едік. Құлсарыға келген ағын су жылда әдеттегідей төтенше жағдайға «сақадай саймыз» деп үйренген шенеуніктердің өтірігін әп-сәтте шығарып тастады. Тіпті су тасқыны кезінде ажал құшқан азаматтарды төтеншілктер емес, туыстары тауып алғандығын да айтты. Бар-жоғы екі тесік қайықты халықтың өзі жөндеп, кезекпен жүзуге мәжбүр болды. Абдырап қалған халық, ажал құшқан алты адам, жарылған дамбы, су толған көшелер мен үйлер мыңдаған отбасының алдағы жоспарларын тас-талқан етті. Абыр-сабырда әкім кінәлі деді, әкімі халық Казгидормет кінәлі деді. Казгидормет су жаңа су және ирригация кінәлі десіп бөрінің бір жеріндей шулап кетті. Ақыры Президент алты әкім мен министрге «қатаң сөгістен» қадап тастаған соң, судан шыққан суырдай боп, жуаси қалған шенеуніктер самолеттеріне міне сап Құлсары, Атырау, Ақтөбе, Орал деп тартты. Бірақ бәрі кеш еді. «Қыста жүрер шанаңды, жазда дайында» деген дана халықтың мақалы қаперіне кірмей, міңберге шығып сөйлетін су жаңа костюмін, су етікке айырбастаған әкім қаралар жанталасты. Баспанасы су астында қалып, дүние-мүлкінен жұрдай болған халықты мектептерге, балабақшаларға орнатып әлек болды. Қағазда баяндалған қаншама құтқару орындары, қағаз күйінде суға батып кетті. Алдымен халықты «Маяк» плотинасы жарылды деп үрейлендірді. Артынша оның жарылмағаны белгілі болды. Іргедегі Ақтөбелік шенеуніктерде Құлсарыға келуі мүмкін деген судың болжамын ескертпеді деген де сыбыстар тарап үлгерді. Әйтеуір бүкіл ел болып жұмылып, құтақрау жұмыстарына атсалысты, көмектерін жіберді. Тіпті көршілес қырғыз, түрік, өзбек бауырларымызда қиын-қыстау кезде қазақпен бір екенін дәлелдеп берді. Еліміздегі «Аманат», «Байтақ» сынды партиялар миллиондаған тенгенің көмегін аттандырды. Сөзбен емес, іспен көрсетті. Ал сайлау уақытында ауылым-ай деп зар жылап, кейін қоя қоятын «Ауыл», «Халық партиясы», «Ақжол», «Республика» партиялар үнсіз қалды. Қазіргі Құлсарының ахуалына алаңдаған билік өкілдері халыққа қаржылай көмек берудің сыртында, баспанамен қамтамасыз ету мәселесін де шұғыл қолға алды. Президенттің тапсырмасымен күзге дейін су тасқынынан зардап шеккен әрбір тұрғынға көмек көрсетілетін болды. Жақсы. Мемлекет бар кезде ол өзінің халқын жалаға тастамасы белгілі. Қазіргі таңда су басқан қаланы тазалау, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Біз күнделікті ақпарат алып, су тасқыны болған Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе өңірлерінің жаңалықтарын үнемі бақылап отырмыз. Бұдан шығар қортыныды қандай болмақ? Қандай апат келсе де халық өзін-өзі құтқарады. Отыз жылдан астам өтірік баяндамалар мен статистикаға сүйеніп келген мемлекеттік басқару жүйесі өзгеріп, халықпен қоян-қолтық араласып жұмыс істей алатын жаңа жүйе керек екені бесенеден белгілі болды. Қазақстанның өрт, су, желден т.б келетін табиғи апаттарға дайындығын күшейтіп, бұл салаға қаражат құю қажет екендігі анықталды. Ең қызығы су мәселесін реттей министрлік болғанымен су саласын жөндейтін, болжайтын, талдайтын мамандардың жоқтығы белгілі болды. Ал білетін мамандардың сын, есркетпелеріне құлақ түрмегендердің әрекетінеге әкелгенін барлығымыз көрдік. Қашанда қандай қиындық, зұлмат болса қара халық көретіні хақ. Құдай одан сақтасын. Бірақ тар жол тайғақ кешуде халықты билік емес, билікті халық құтқаратыны белгілі болып отыр. Береке, бірлігіміз арта берсін!
Асылбек Байжұмаұлы