«Абылай хан — есімін бір облысқа берерлік кесек тұлға»: Зиялы қауым Щучье қаласы атауының өзгеруіне қатысты не дейді
Таяуда ғана әлеуметтік желіде Щучинск қаласы Абылай хан болып өзгертіле ме деген сөз шығып, қоғамның талқысына түскен. Әлбетте, бұл бастаманы қолдайтындар да, оған өре түрегеліп қарсы шығатындар да біздің елде табылады. Осы ретте тарихшы, қоғам қайраткері не дейді? Qaz365.kz тілшісі біразының пікірін сұрап білген еді.
«Уақыт бізге жұмыс істеп тұр»
Аманай Сейітқасымов, Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі:
– Егемендік алғалы бері ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, ұлттық идеологиямызды жүргізуге тырысып жатырмыз. Қала, көше, елді-мекен атауларын қазақшалайтын уақыт келді. Себебі, кеңестік кезеңнен қалған атаулардан әлі күнге дейін отарлау саясатының желі есіп тұр. Бірақ, алдымызда кесе-көлденең жатқан мәселе бар. Қазір елді-мекендер мен қалаларға кісі аттарын беруге үкімет мараторий жариялап қол-аяғымызды байлап отыр. Бұл жағдайда Щучинск қаласын Абылай хан деп өзгертуіміз қаншалықты заңды болады? Және олай істей аламыз ба? Әрине, біздің Абылай ханымыз бір көшеге, бір қалаға немесе, облыс ауқымына сыймайтын кесек тұлға. Одан ештеңемізді аяп тұрғанымыз жоқ.
📢Qaz365kz