Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада жақсы нәтиже көрсетті. Бухаресте өткен жаратылыстану бағытындағы ғылыми сайысқа 6 білімгер аттанып, барлығы жүлдегер атанды. Бұл беделді білім бәйгесіне әлемнің 60 елінен 360-тан аса оқушы қатысқан. Жарыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқысы тест тапсыру. Екіншісі теориялық сұрақтарға жауап беру.
Ал соңғы сайыста жасөпірімдер зертханалық тәжірибе жасап, физика, химия және биология пәндері бойынша біліктіліктерін көрсетуі тиіс. Ізденімпаздықты талап ететін додада республикалық физика-математика мектебінің шәкірттері Әділ Жиенбаев пен Мұнар Сағымбай ел намысын абыроймен қорғады. Халықарлық олимпиадаға бірінші рет қатысса да, күміс пен қола медальді еншіледі.
Мұнар Сағымбай, олимпиада жүлдегері:
Ең басында орын алмай қаламыз ба деген уайым болады. Бірінші қиын болған нәрсе сол олимпиаданың форматы. Өйткені әр олимпиаданың өзінің жеке форматы болады. Біз қатысқан форматқа дайындалу үшін біз өткен жылы келген есептер шығарып, дайындалып жүрдік.
Әділ Жиенбаев, олимпиада жүлдегері:
Осы физика саласын әрі қарай зерттегім келеді. Қазақстанда физика, химия, биология ғылымдарын дамытқым келеді. Алдағы уақытта осы еліміздегі физика олимпиадасына қатысатын балаларды дайындаймын деп отырмын.
Айта кетейік, 15 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына арналған ғылыми сайыс 2004 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы аралықта Қазақстан құрамасы 53 жүлдеге ие болды. Оның 2-уі алтын, 9-ы күміс және 42-сі қола медаль.