Павлодар облысында жалпы құны 7 млрд 700 млн теңгеге жобаланған «Ертіс-Успен» магистральдік су арнасының құрылысы 7 жылға созылды. Тапсырыс беруші «ҚазСуШар» мекемесі. Ал бас мердігер – осы кәсіпорынға бағынышты «Сәтбаев атындағы канал». Олар келесі жылы бітіреміз деген уәдесін биылда қайталап отыр. Магистральдік су арнасы тартылатын аумақтан жер телімін алған шаруалардың дені егін салуға дайын отыр. Жоба аяқталса, суармалы алқаптар көлемі 10 мың гектарға ұлғаяды. Негізі бұл Ертіс-Баян өңірінің суармалы егістік саласындағы ең ірі жоба. Арнаның ұзындығы 12 шақырым. Алайда жартылай салынып, тоқтап қалған нысанды қазір құм басып, ашық-шашық жатқан бетон сапасы жоғала бастаған.
Оңдасын Жиенқұлов, «ҚазСуШар» РМК «Сәтбаев атындағы канал» филиалының директоры:
Екі жылдай – 21-ші 22-ші жылы қаржы болған жоқ. 20-шы жылы берілген қаржы игерілді. Үш аван камераның барлығының астынан жер асты сулары көтеріліп кеткен. Содан кейін ең соңғы 1,5 шақырымда судың көтерілуіне байланысты жұмыс жасалынбай отыр. Оған шешім қабылданды. Жобаны қайтадан корректировка жасау керек болып отыр.