Қазақстандық өндірушілер Иран нарығына шығатын болды. Бүгін Мәжілісте екі ел арасындағы еркін сауда айналымын қамтамасыз ететін келісім ратификацияланды.
Иранның заң талаптары бойынша сырттан келген тауар үшін олар кемінде 50 пайыз салық төлейді. Ал бүгінгі шарт мұндай кедергіні жоюға бағытталған. Бұл 85 млн тұтынушысы бар елде біздің тауарлардың бағасы өзгелермен бәсекелесе алады деген сөз. Еркін сауда аймағын құру қазақстандық өндірушілер үшін жаңа нарықтарды ашады, әсіресе, бұл ауыл шаруашылығы, металлургия және химия өнеркәсібіне тиімді болмақ.
Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Көптеген жылдар бойы санкциялар астында болған себептен, олар өндірістің түрлі-түрлі заттарын қазір жасап жатыр. Бірақ басым бөлігі сол позициялардың бізде жасалатын нәрселерге ұқсас емес. Яғни, бізге де тиімді. Осы келісімшарт қойылғаннан кейін 700 мың тонна бидай және 690 тонна арпа Иран нарығына бізден барады. Басқа да автокөлік сияқты бізде өсетін ауыл шаруашылығы өнімдері сол тауарлар өндірушілерімізге өте ыңғайлы, пайдалы.