Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Matic Basket» деп аталатын қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Алаяқтар өз жобаларын YouTube, WhatsApp және Telegram арқылы жарнамалап, азаматтарды инвестиция салуға шақырған. Жоғары табысқа кенелеміз деген уәдемен олар криптовалюта биржасында майнинг пен трейдинг жүргізетіндерін алға тартқан.
Алайда салымшыларға ақша салғаны туралы ешқандай ресми құжат берілмеген. Тіпті келісімшарт та жасалмаған. Қатысушылар 5 000 теңгеден бастап 1 100 АҚШ долларына дейін қаражат аударған. Жүйеге жаңа адам тартқандарға әрбір салымнан 10% сыйақы төленетіні айтылған.
Нәтижесінде қаржы пирамидасына Қазақстан мен ТМД елдерінің 1900-ден астам азаматы қатысып, жалпы 80 миллион теңгеден астам қаражат құйылған.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты елден шығуға тыйым салу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Жауаптылар мәліметінше тергеу жалғасып жатыр.
