Астана. 29 қыркүйек. BM.KZ – Испанияның әйгілі «Реал Мадрид» футбол клубы Алматыға ұшып келді. Команданың ойыншылары мен бапкерлер құрамын көруге жүздеген жанкүйер жиналды. Бұл туралы Kazinform хабарлайды.
Жанкүйерлер команда рейсінің кестесін алдын ала білгендіктен, 28 қыркүйек күні таңертеңнен бастап-ақ әуежайға жинала бастады. «Реалдың» чартерлік тікелей рейсі (IB 1401, Iberia әуе компаниясы) Мадридтен Алматыға ұшып келді.
Сапар алдында футболшылардың клубтық символикасы бар сәнді костюмдегі суреттері жарияланып, бұл да жанкүйерлердің қызығушылығын арттырды.
Алайда күткен көпшілік ойыншыларды негізгі есіктен көре алмады – команда оңтүстік ВИП арқылы шықты.
ВИП аймағында жанкүйер саны әлдеқайда көп болды. Қоршаудың ар жағынан қол бұлғап, ұшақтан түскен жұлдыздарды қарсы алды. Кейін футболшылар автобустар мен көліктерге отырып, қаладағы қонақүйге жол тартты.
Әуежайдан шыққан соң да «Реалды» қарсы алушылар аз болмады: жанкүйерлер жол бойына жиналып, команданы ыстық ықыласпен қарсы алды. Қоғамдық тәртіпті полиция қамтамасыз етті.
