Астана. 30 қыркүйек. BM.KZ – Әнші Бейбіт Қорған Атырау әуежайында мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін полицияға жеткізіліп, әкімшілік жазаға тартылды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әуежай аумағында болған оқиға кезінде желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері 44 жастағы азаматқа қатысты хаттама толтырған.
— Қоғамдық орында тәртіпті сақтамады, бейәдеп сөздер айтты және көліктегі полиция қызметкерлеріне бағынбады. Қоғамдық орында мас күйінде болды. Полиция қызметкерлері хаттама толтырып, әкімшілік жауапқа тарту үшін істі сотқа жіберді, — деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Іс ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабына сәйкес қаралды. Бүгін Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты әншіге қатысты шешім шығарды.
