Астана. 18 желтоқсан. BM.KZ — Бүгін Алматы – Бангкок бағытында ұшуға тиіс KC931 рейсі техникалық себептерге байланысты Үндістанның Дели әуежайына қонуға мәжбүр болды.
Air Astana әуе компаниясының мәліметінше, бортта 138 жолаушы болған. Ұшақ Алматыдан сағат 01:00-де ұшып шығып, штаттық режимде 05:51-де Делиге қонған.
Қазіргі уақытта барлық жолаушыға тамақ берілген, уақытша визалар ресімделген. Әуе компаниясы жолаушыларды қонақ үйге орналастыру мәселесін шешіп жатыр.
– Сонымен қатар рейсті Бангкокқа дейін жалғастыру үшін резервтік ұшақ дайындалып жатыр, — делінген хабарламада.
Қосымша ақпарат алу үшін жолаушылар +7 702 702 00 74 нөмірі арқылы әуе компаниясының WhatsApp жедел желісіне хабарласуға болады.
