Астана. 30 қыркүйек. BM.KZ – Алматы облысында ірі жол апаты тіркелді. Салдарынан сегіз адам көз жұмып, екі адам ауруханаға жеткізілді.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға Алматы–Бішкек автожолының 107-ші шақырымында болған. Алдын ала деректерге сәйкес, Lexus маркалы көлік қарсы жолаққа шығып кетіп, Toyota Alphard автокөлігімен соқтығысқан.
— Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Lexus маркалы автокөлік жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Toyota Alphard көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан сегіз адам оқиға орнында алған жарақаттарынан қаза болып, екі адам ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады департаменттен.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.
