Алматы. 7 тамыз. /Әсел Мәдәліқызы/ BM.KZ – Жаңа оқу жылынан бастап Алматы облысының мектептері мен колледждерінде құқықтық мәдениет бойынша қосымша сабақтар енгізіледі.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында жүзеге асып отыр. Пилоттық жоба аясында алғашқы кезеңде Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледж қамтылады. Мамандар мәліметінше, мақсат – жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру, заңды құрметтеуге тәрбиелеу және зорлық-зомбылық, буллинг сияқты құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Қосымша сабақтарды прокуратура мен полиция саласында еңбек еткен, арнайы дайындықтан өткен тәлімгерлер жүргізеді. Оларды оқыту 7–8 тамыз күндері басталады.
«Біз құқықтық сананың негізін мектеп қабырғасынан бастап қалаймыз. Тәлімгерлер балаларға өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп қана қоймай, заңды құрметтеуге, жауапкершілікті сезінуге және сындарлы мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Бұл – болашақта орнықты құқықтық мәдениетті қалыптастырудың кілті», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Оқу жылы бойында 7–10 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған барлығы 36 сабақ жоспарланған. Сабақтар әр екі апта сайын өтеді. Сонымен қатар алдын ала және қорытынды диагностика, оқушылардың мінез-құлқына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Бастаманың келешекте еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын табуы көзделіп отыр.
