Астана. 11 ақпан. BM.KZ — Алматыда хирургтер 31 магнит жұтып қойған баланың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдерінің хабарлауынша, Алматының Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында 31 магнит жұтып қойған сәбиге шұғыл ота жасалды.
Қабылдау бөліміне 1 жас 9 айлық бала өте ауыр жағдайда жеткізілген. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер «ішектегі бөгде заттар – 31 магнит, жіңішке ішектің көп жерден тесілуі, перитонит» диагнозын қойды.
Баланың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы – шұғыл хирургиялық ота жасау еді. Дәрігерлер ортаңғы лапаротомия жасап, құрсақ қуысы ағзаларына толық тексеру жүргізді. Ота барысында магниттер ішектен алынып, жіңішке ішектегі көптеген тесік тігілді, құрсақ қуысы тазартылып, дренаж орнатылды. Сонымен қатар ішекке трансаналдық интубация жасалды.
Орталық хирургі Асқар Ризвановтың айтуынша, магниттердің басты қаупі – олардың ағзаға бөлек-бөлек түскенімен, ішекте бір-біріне тартылып, ішек қабырғасын қысып қалуында.
«Магниттердің арасында ішек қабырғасы қысылады, қан айналымы бұзылады, тіндер жансызданады, тесік пайда болады. Соның салдарынан санаулы сағаттардың ішінде перитонит дамуы мүмкін. Ата-аналар көбіне баланың жағдайы қаншалықты жылдам нашарлайтынын аңғармай қалады», — дейді хирург.
Дәрігерлер адамдарға тіпті бір магнит жұтқан жағдайда да дереу медициналық көмекке жүгіну қажет екенін ескертеді. Ал бірнеше магнит баланың өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Мамандар балалардың магнитті ойыншықтарды, магнит шариктерді және құрамында ұсақ магниттері бар заттарды ұстамауын қадағалауға, тұрмыста қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
