Алматы қаласында рұқсат етілмеген қоқыс тастау деректері бойынша бірнеше аудан әкімдігінің лауазымды тұлғаларына шара қолданылды.
Табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген мониторинг барысында қала аумағынан 30-дан астам рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталған.
Экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін Медеу және Түрксіб аудандары әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ Алатау ауданы әкімі аппаратының басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға сәйкес, аудан әкімдері абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыруға міндетті.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде анықталған қоқыс үйінділері жойылып, аумақтар тазартылды. Қалада экологиялық талаптардың орындалуына бақылау жалғасып жатыр.