Астана. 1 ақпан. BM.KZ – Әлемдік нарықта қымбат металдардың бағасы күрт төмендеді. Күміс бір күнде 36 пайызға арзандап, тарихтағы ең үлкен құлдырауын көрсетті. Ал алтынның бағасы 12 пайызға төмендеп, соңғы 40 жылдан астам уақыттағы ең ірі құлдырау ретінде тіркелді. Бұл туралы DW жазды.
30 қаңтар күні жаһандық нарықта күтпеген жағдай болды. Бұған дейін әлемдегі соғыстар, геосаяси тұрақсыздық және АҚШ Федералдық резерв жүйесінің басшылығына қатысты белгісіздік салдарынан алтын мен күмістің бағасы үздіксіз өсіп келген еді. Инвесторлар мен орталық банктер бұл металдарды сенімді, қауіпсіз актив ретінде жаппай сатып алған.
Алайда 30 қаңтарда Дональд Трамп Федералдық резерв жүйесінің төрағалығына Кевин Уоршты ұсынды. Нарық бұл шешімді экономикада тұрақтылық болады деген белгі ретінде қабылдады. Соның салдарынан инвесторлар қымбат металдарды бұрынғыдай қауіпсіз қорғаныш ретінде көрмей, оларға деген сұраныс күрт азайды.
Нәтижесінде алтынның бір унциясының бағасы маңызды межелердің бірі саналатын 5 мың доллардан төмен түсті. Алтынның бір күнде 12 пайызға арзандауы — 1980 жылдардың басынан бергі ең үлкен төмендеу.
Күміс те қатты құлдырап, бір тәулік ішінде 36 пайызға арзандады. Бұл — күміс бағасының бүкіл тарихындағы ең ірі біркүндік антирекорд.
