Астана. 17 қазан. BM.KZ — Маңғыстау облысының делегациясы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына қазақ халқының құнды қазынасы — жеті қанат ағаш үйін сыйлады.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшылығында өткен салтанатты іс-шара ТҮРКСОЙ мен түркітілдес елдер арасындағы мәдени ынтымақтастық пен бауырластықты нығайтуға бағытталды.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев өз сөзінде сыйға тартылған ағаш үй бірлік пен ынтымақтықтың нышанына айналатынын атап өтті.
— Ақтау — Түркі дүниесінің мәдениет астанасы мәртебесін үлкен абыроймен алып жүріп, Каспий теңізінің інжу-маржанына, түркі мәдениетінің тоғысқан нүктесіне айналды. Сыйға тартылған бұл ағаш үй – бірлік пен ынтымақтың көне нышанына айналады. Осы орайда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлына тарту үшін алғысымызды білдіреміз, — деді Сұлтан Раев.
Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов Ақтаудың түркі әлемінің мәдени астанасы болуы мәртебе мен үлкен жауапкершілік екенін айтты.
— Ағаш үй – ата-бабаларымыздың өмір сүру кеңістігі әрі рухани мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. ТҮРКСОЙ мен түркі бауырларымызға тарту еткен бұл сый – бауырластығымыздың және ортақ мәдениетіміздің көрінісі. Ақтаудың түркі әлемінің мәдениет астанасы болу – зор мәртебе әрі жауапкершілік. Осы мәртебе аясында өткен барлық іс-шараларда бауырларымызды қуана қарсы алдық. Баршаңызға шынайы алғысымызды білдіреміз, — деді Әбілқайыр Байпақов.
Салтанатты іс-шара маңғыстаулық өнерпаздардың мерекелік бағдарламасына ұласты.
