Астана. 30 қыркүйек. BM.KZ – Ақ үй АҚШ президенті Дональд Трамп әзірлеген «Газадағы қақтығысты тоқтатудың жан-жақты жоспары» атты құжатты жария етті. Жоспар 20 тармақтан тұрады, деп хабарлайды Анадолы.
Ақ үйдің мәлімдемесінде, егер ұсынысты екі тарап та қабылдаса, «жауласу дереу тоқтайды», Израиль әскері «тұтқындарды босатуға дайындалу үшін кеңес өткізеді» деп көрсетілген. Осы кезеңде әуе шабуылдары мен артиллериялық соққылар тоқтатылады. Алдыңғы шеп әскерлерді толық әрі кезең-кезеңімен шығару мәселесі шешілгенге дейін сақталмақ.
Құжатқа сәйкес, тірі және қаза тапқан тұтқындар Израильдің ресми келісімінен кейін 72 сағат ішінде қайтарылуы тиіс. Өз кезегінде Израиль 2023 жылғы 7 қазандағы оқиғадан кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған 250 тұтқынды, сондай-ақ әйелдер мен балаларды қоса есептегенде 1700 палестиналықты босатады.
Бұдан бөлек, келісім аясында қарусыздануға және бейбіт өмірге келісім берген Хамас қозғалысының мүшелеріне рақымшылық жасалады. Ал Газадан кеткісі келетіндерге оларды қабылдауға дайын елдерге қауіпсіз өтуге мүмкіндік беріледі.