Астана. 30 қыркүйек. BM.KZ – 29 қыркүйек күні Ақтау – Жаңаөзен тас жолының 23-шақырымында жол апаты болып, мұнай өнімдерін тасымалдаған жүк көлігі аударылды. Салдарынан жерге мұнай төгілген.
Маңғыстау облыстық экология департаментінің хабарлауынша, оқиға орнына мамандар барып, қоршаған орта жағдайын бағалау және мүмкін залалды анықтау үшін, сынамалар алған.
— 29 қыркүйек күні сағат 15:50 Ақтау-Жаңаөзен тас жолы бойында, 23-шақырымында 720 AI/12 мемлекеттік нөмірлі мұнай тасымалдаушы көлік аударылып қалды. Оқиға орнында мұнай өнімдері төгілгендігі анықталды. Маңғыстау облыстық Экология департаменті мамандары топырақтан сынама алу жұмыстарын жүргізді. Қабылданған шаралар алдағы уақытты қосымша хабарланады, — делінген хабарламада.
Облыстық полиция департаментінің дерегінше, апатқа көліктің алдыңғы дөңгелегінің жарылуы себеп болған. Зардап шеккендер жоқ.
