23 тамызда «Байтақ» жасылдар партиясының Алматы қалалық филиалының конференция залында «Қазақстанда АЭС салудың ерекшеліктері» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Баймедиа.кз.
Шараға Ядролық физика институтының бас инженерінің орынбасары мен «Байтақ» жасылдар партиясының мүшелері қатысты. Жиын барысында қатысушылар Қазақстанда АЭС салудың маңыздылығын, оның болашағы мен экономикалық әсерін талқылады. Әсіресе, экологиялық қауіпсіздігі мен халық арасында туындаған алаңдаушылықтарға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Асхат Бекбаев атом электр станциясы құрылысының ерекшеліктері туралы кеңінен ақпараттандырып, артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, АЭС салу туралы мәселе мұқият өлшеуді қажет ететін бірқатар стратегиялық және экономикалық факторды қамтиды.
«АЭС салу арқылы энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізе аламыз. Атап айтсақ, ол меншікті атом электр станциясы энергия тасымалдаушылардың импортына тәуелділікті азайтуға, елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға және энергетикалық ресурстарды неғұрлым икемді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, АЭС металлургия, химия және машина жасау сияқты энергияны көп қажет ететін салаларды дамытуға қуатты ынталандыру бола алады. Жаңа жұмыс орындарын да атап өтпеске болмайды. Бұл ел экономикасына оң әсер етеді. Атом электр станцияларын салу және пайдалану жаңа технологиялар мен ғылыми зерттеулерді дамытуды талап етеді, бұл елдің технологиялық жабдықталу деңгейін арттырады. Одан бөлек, парниктік газдар шығарындыларын азайта аламыз. Себебі атом энергетикасы төмен көміртекті болып келеді. Бұл Қазақстанға парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске өз үлесін қосады» деді ол.