Астана. 11 тамыз. /Нұргүл Ерғалиқызы/ BM.KZ – Елордада екінші нарықтағы баспана бағасы соңғы жеті айда ең жоғары өсімді көрсетті. 2025 жылдың шілдеcіндегі көрсеткішке сүйенсек, пәтерлердің бағасы бір айда 1,5%-ға қымбаттаған. Бұл 2024 жылдың соңынан бергі ең жоғары айлық өсім, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Айта кетейік, бұған дейін елордада сәуірден маусымға дейінгі аралықта пәтер бағасы үш ай қатарынан төмендеген еді. Орташа алғанда, көрсеткіш 1,1%-ға азайған. Мамандар мұндай жағдайдың сирек кездесетінін айтады, яғни, соңғы 8 жылда 2-ақ рет осылай болған. Әдетте, баға не өсіп, не өзгеріссіз қалады.
Шілдеде Астанада жалға берілетін баспана бағасы да өсіп, маусымдағы көрсеткішпен салыстырғанда 1%-ға артқан. Ал бастапқы нарықтағы пәтерлер 0,3%-ға қымбаттаған.
Алматыда жаңа пәтерлердің бағасы өзгеріссіз қалса, екінші нарықтағы баспана 1%-ға өскен. Мамырдағы бағаның күрт төмендеуінен кейін мұнда жалдау ақысы екінші ай қатарынан баяу қарқынмен өсіп келеді. Нақтырақ айтқанда, шілдеде 0,5%-ға қымбаттаған.
2025 жылдың шілдесінде тұрғын үйді алып-сату бойынша тіркелген мәмілелер саны 39 742 құраған. Бұл жыл басынан бергі ең жоғары айлық көрсеткіш. Ал, маусым айымен салыстырғанда мәмілелер саны 19,4% өскен. Оның ішінде, жеке тұрғын үй бойынша 8 465 болса, 31 277 пәтермен мәміле жасалған.
