Астана. 18 қыркүйек. BM.KZ – Тұрғын үйлерді қалпына келтіру шығындары KaRima кафесінің есебінен және әкімдіктің қолдауымен жүргізіледі.
18 қыркүйекте Достық көшесі, 12/1 мекенжайындағы 8 қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан KaRima кафесінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнында әкімдік, ТЖД және ПД өкілдері бірлесіп жедел штаб құрды. ТЖД мен ПД-ның үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт дер кезінде сөндірілді.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр.
Өрт салдарынан 8 пәтер зардап шекті. Тұрғындарға қаладағы қонақүйлерде уақытша баспана ұйымдастырылды. Сондай-ақ жан-жақты көмек көрсетіледі.

Тәулік ішінде зардап шеккен пәтерлерді жөндеу және үйдің қасбетін қалпына келтіру жұмыстары KaRima кафесінің иелері мен әкімдіктің қолдауымен басталады.
Мұндай жағдайларда жергілікті атқарушы органдар өрт салдарын жою үшін барлық қажетті шараны жедел қабылдайды.
