Астана. 14 тамыз. BM.KZ — Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарымен кездесу барысында жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасына қатысты мәлімет берді. Оның айтуынша, қыркүйек айында алғашқы пойыздар тестілік режимде іске қосылады.
«Ештеңе өзгерген жоқ. Қыркүйекте тестілік режимде алғашқы құрамдарды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Тестілеу қорытындысы бойынша нақты пайдалануға беру мерзімі анықталады. Әдетте сынақ кезеңі үш айдан алты айға дейін созылады», – деді әкім.
Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек жолақы құнына да тоқталды. Оның айтуынша, LRT-дағы бір реттік сапар құны шамамен 200 теңге болады.
«Жобада жолақы 200 теңгеге дейін деп қарастырылған. Дегенмен нақты тариф биылдың соңына дейін белгілі болады», – деп түсіндірді ол.
