Астана тұрғындары үшін қалада тағы бір қоғамдық кеңістік пайда болды. Сарайшық ауданында, Р.Қошқарбаев – Тəуелсіздік даңғылдары мен А. Байтұрсынов көшесі аралығындағы аумақта астаналықтар енді жаңартылған жолмен серуендеп, жаңадан пайда болған велосипед жолымен қатынай алады.
Жаңартылған орын кеше өткен жаймашуақ жексенбіде қала тұрғындарына таныстырылды. Аудан әкімшілігі қуанышты жайтты құр өткізбей, сол төңірек тұрғындары үшін көңілді шара ұйымдастырды. Онда спорттық ойындар, балаларға арналған ойын-сауық, отбасылық және балалар сайыстары өтіп, аниматорлар бүлдіршіндердің көңілін аулады. Сондай-ақ, батпырауық ұшырып, викториналар қойылып, соңына қарай көше музыканттары шараның шырайын аша түсті.

Жалпы биыл Астанада абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оның ішінде, «Сарайшық» ауданында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар аулалар мен қоғамдық кеңістіктер жаңартылды.
Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайбергеннің айтуынша, аудандағы 263 аула аумағының 223-і қанағаттанарлық жағдайда болса, 40 аулаға күрделі жөндеу қажет.
«Ауданымызда биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 ауланы абаттандырумен қатар, жаңадан 3 кеңістік пайдалануға беріліп жатыр. Оның бірі кеше ғана Жүргенов көшесінің бойындағы «Жұмысшы мамандықтар жылына» арланған аллея болса, бүгін де міне, Р.Қошқарбаев – Тəуелсіздік даңғылдары мен А. Байтұрсынов көшесі үшбұрышындағы кеңістікті жаңартылған кейіпке енді. Тағы екеуінде жұмыс жүріп жатыр. Бір жағынан, тамаша ауа-райын пайдаланып, тұрғындарға, балаларға көңілді сәт сыйлағымыз келді», – дейді ол.

Сонымен бірге, төртінші қоғамдық кеңістік – «Bravo Family» тұрғын үй кешені мен №93 мектеп-лицей жанында абаттандыру жұмыстары басталып кеткен.
Әсіресе Р. Қошқарбаев – Тәуелсіздік даңғылдары мен А. Байтұрсынов көшесі аралығындағы орын ерекше құлпырып шыға келді. Мұнда 14 мың шаршы метр жаяулар жолы төселіп, 1900 метрлік веложол салынды. Бұл жерде бұрын мұндай болмаған.
Оның үстіне, тұрғындардың қолайлылығы үшін 3 мың шаршы метр автотұрақ жасақталып, орындықтар қойылды. Көгалдандыру жұмыстары аясында 140 түп ағаш отырғызылып, тағы 90 ағаштың орны дайындалды. Бұл аумақ гүлмен де көмкеріле түскен. Мәселен, 3500 сәндік гүлді бұта егілген.
Әсемдік үшін 20 тіреуші қабырға тұрғызылды. Жарықтандыру да жаңа деңгейге көтеріліп, 52 жарық тіреуіші мен 51 сәндік жарық құрылғысы, сондай-ақ гүлзарларды айшықтайтын 16 шам орнатылды. Балалар мен жасөспірімдер үшін шағын сәулет нысандары қойылып, бұл кеңістік нағыз демалыс орнына айналды.

Жалпы алғанда, «Сарайшық» ауданында экологиялық айлық шеңберінде 4 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Жыл соңына дейін аудан аумағында 10 мыңнан астам ағаш пен 20 мың бұта егілмек. Осылайша, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен жасыл желек тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, ал қаланың көркін айшықтай түсуге ықпал етпек.
Айта кетейік, биыл елордада 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістіктерді – саябақтар, скверлер мен бульварларды абаттандыру көзделген. Жұмыс барлық аудандарды, соның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Сонымен қатар, Астанада көгалдандыру белсенді жүргізіліп жатыр: 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.
