Астана. 3 ақпан. BM.KZ — Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Қамысқала округінде малдың жаппай қырылуы тіркелді. Әсіресе жылқы шығыны көп. Қазірдің өзінде жүздеген жылқы аштықтан өлген, қыстың соңына дейін бұл санның арту қаупі бар. Бұл туралы АқЖайық хабарлады.
Қаңтардың ортасында жауған жаңбырдан кейін дала көк мұзға айналып, жылқылар тебіндей алмапты. Шөп мұз астында қалып, мал азықсыз қалған. Фермерлердің айтуынша, мал аурудан емес, аштықтан қырылып жатыр. Биелер құлын тастап, әлсіреген жылқылар құлап өліп жатыр.
Шаруалар шөп пен жем бағасының күрт қымбаттағанын, қаржының таусылғанын айтады. Бір орам шөп 15–20 мың теңгеге дейін жеткен, ал субсидия биыл берілмеген. Қазір малды сатуға да мүмкіндік жоқ – арық мал өтпейді.
9 шаруа қожалығы 300 гектар жерге шыққан өсімдіктерді суарып, өздеріне қажетті мал азығын дайындап алған. Жалпы мал азығының 8-10 пайызы жергілікті жерден дайындалса, қалған бөлігі сырттан сатып алынады. 200 келіге жетпейтін бір орам шөпті 10-12 мың теңгеден Батыс Қазақстан облысы, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан алған.
— Ірі сабақты шөпке берілетін субсидиядан көп үміттендік, айналғанда берілмей қалды. Жалпы Исатай ауданы климаты жағынан қуаңшылық өңір болып саналады. 2025 жылы жауын-шашын аз түсіп, өсімдіктер шықпай қалды. Барына жылқылар жаз бен күзде жайылып, әбден қыс түскенде жердегі аз ғана шөп мұз құрсауында қалды. Осы себептен мал індеттен емес, аштан өліп жатыр, — дейді фермерлер.
Округте қажетті мал азығының тек 63 пайызы ғана дайындалған. Фермерлер облыс пен мемлекет тарапынан жедел көмек қажет екенін айтып, алда әлі кемінде 1,5–2 ай қыстан қалай шығамыз деп алаңдап отыр.
