Астана. 23 қазан. BM.KZ – Атырау қаласында көпқабатты үйдің тұрғындары көрші пәтерден шыққан жағымсыз иіс пен санитарлық жағдайдың нашарлығына алаңдап, полицияға хабар берген.
Тексеру барысында полицейлер пәтердің тұрмыстық қалдықтарға толып, санитарлық талаптарға мүлде сай келмейтінін анықтаған. Тұрғын үй ішінде екі кәмелетке толмаған бала болған.
Ведомство мәліметінше, балалар қолайсыз отбасыдан алынып, полицияның бақылауына қойылды. Оларды уақытша бейімдеу орталығына орналастыру үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен шаралар қабылданып жатыр.
— Кәмелетке толмаған балаларға қолайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз етпеген ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.
Қазіргі уақытта тиісті коммуналдық қызметтер пәтерде санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп, отбасының тұрмыстық жағдайын бағалауда.
