Астана. 14 желтоқсан. BM.KZ — Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі ауа райына байланысты өңірдегі барлық қызметті үйлестіру үшін жедел әрекет ету орталығы жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Облыс аумағында кешелі бері дауыл тұрып, екпінді жел әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің шатырын ұшырып кеткен. бірнеше ауданда электр қуаты өшіп қалған. Атап айтқанда, төтенше жағдай Құрманғазы, Махамбет, Мақат аудандарында және Атырау қаласында тіркелді.
Жергілікті тұрғындар табиғи апаттан кейінгі жағдайды әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап жатыр. Мәселен, Алмагүл ықшамауданындағы 31-үйдің шатыры ұшып кеткен. Ал Индер ауданының тұрғындары жарықсыз қалған.
Атырау облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыста 14 желтоқсанға қараған түні ауа райының күрт нашарлап, күшті циклон соққан. Метеорологиялық қызметтердің мәліметінше, желдің екпіні 25 м/с-тан асты.
– Қазіргі кезде Атырау облысы әкімінің орынбасары басқаратын жедел әрекет ету орталығы жұмыс істеп жатыр. Жергілікті және аудандық мемлекеттік қызметтер жоғары дайындық режиміне қойылды, — деп түсіндірді департаменттен.
Сондай-ақ желден электр желілері үзіліп, істен шыққан. Әкімдік апаттан нақты қандай нысандардың зардап шеккені туралы ақпаратты кейінірек беретінін атап өтті.
– Облыс бойынша 25-тен астам бригада мен 40 техника жұмылдырылды. Электр желілерін жөндеу бойынша «Атырау Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істеп жатыр, — деп қосты департаменттегілер.
