Астана. 9 тамыз. BM.KZ – Қазақтың ұлы ойшылы, ағартушысы әрі кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына биыл – 180 жыл толуына орай Baimedia.kz ақпарат агенттігі Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ерекше флешмоб ұйымдастырды. Елімізде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері данышпан ақын шығармаларынан үзінділерді өз ана тілдерінде оқып берді.
Мәселен, «Коперник» СҚО поляк мәдени орталығы төрағасының орынбасары Марина Тябус 14-қара сөзінің поляк тіліндегі аудармасын оқып берсе, СҚО ұлттық жаңғырудың 17-ші орта мектеп-кешені ұлттық бөлімі, неміс тілінің мұғалімі Наталья Кавун «Жүректе қайрат болмаса» өлеңінің неміс тіліндегі нұсқасымен таныс етті. Бұл аударма халқымыздың белгілі жазушысы Герольд Бельгердің нұсқасы екенін айта кетуіміз керек. Сонымен қатар, Абай туындыларының орыс, корей, армян тілдеріндегі аудармалары да Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің орындауында паш етілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің біразы ақын өлеңдерін қазақша қалпында да жатқа білетінін көрсетті.
Айта кетейік, Абай шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылған әрі ол әлемдік әдебиеттің классигі ретінде танылған. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, биыл кемеңгердің 180 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Мерейтой аясында ел бойынша 5 мыңнан астам шара жоспарланған. Бекітілген кешенді жоспарға халықаралық және республикалық деңгейдегі жүзден астам ауқымды шара енген. Оның ішінде негізгілері туған өңірі – Абай облысында ұйымдастырылады.
Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы тамыздағы мәліметі бойынша, елімізде Абай Құнанбайұлы есімімен аталған 99 мектеп бар. Сондай-ақ, оның есімі 1 облысқа, 3 ауданға, 1 қалаға, 3 кентке, 6 ауылдық округке, 19 ауылға және 1 қыстауға берілген.
Одан бөлек, Қазақстанда Абайға арналған 30-дан астам бюст пен ескерткіш орнатылған. Ел аумағынан тыс жерлерде мұндай ескерткіштер Берлин, Бішкек, Будапешт, Женева, Каир, Мәскеу, Нью-Дели, Париж, Бейжің, Ренн, Сараево, Сеул, Стамбұл, Ташкент, Тбилиси, Тегеран, Харьков және Қазан қалаларында бар.
Әзербайжан астанасы Бакуде Абайға арналған естелік тақта орнатылған.
