Президент телерадиокешені жариялаған “Қайтарылады” деректі фильмінде Бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков қазақстандықтың мүлкіне “түсініксіз байлық” мәртебесі беріліп, ол 11 миллион доллар ақшаны мелекетке қайтаратыны туралы айтты деп хабарлайды Баймедиа.кз Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, өткен жылдары құқық қорғау, арнайы мемлекеттік және уәкілетті органдардың бірлесе істеген жұмысы аясында 1,5 триллион теңгеге жуық мүлік қайтарылды.
“Мұндай көрсеткішке жаңа заң нормаларын қолданбай қол жеткіздік. Ал арнайы заңның нәтижесінде бізде бекітілген шаралар, қылмыстық істер бойынша келісімдер, талаптар, процессуалдық келісімдер бар. Осылайша 325 миллиард теңгеге тең шаралар біздің қолымызда. Бұл тек биылғы және жаңа заңның нәтижесінде қол жеткізген көрсеткіш”, – дейді Активтерді қайтару комитетінің төрағасы.
Оның айтуынша, қаржының көп бөлігі ерікті түрде қайтарылған.
“Мәжбүрлеу шаралары да бар. Алайда олардың басым бөлігі ақшаны ерікті қайтарады. Қазіргі тенденцияға сүйене отырып, мұндай үрдіс алдағы уақытта жалғасады деп ойлаймыз. Өйткені субъектілер бізге заң аясында қандай да бір төтенше шараларға барғаннан гөрі, қайтару шарттарын өз еркімен талқылау туралы ұсыныстармен жиі келеді”, – дейді Нұрдәулет Сүйіндіков.
Оның айтуынша, дүниежүзінде активтерді қалпына келтірудің бірнеше моделі бар. Соңғы әрі жаңа модельдердің бірі “түсініксіз байлыққа” талап деп аталады.
“Бұл мемлекеттің белгілі бір тұлғаның қандай да бір мүлікті заңды иеленуіне қатысты ақылға қонымды наразылығына байланысты. Ал субъект оны заңды түрде алғанын дәлелдеуге тиіс. Егер ол оны дәлелдей алмаса, онда бұл мүлікке сот шешімімен түсініксіз байлық мәртебесі беріледі және мемлекет кірісіне қайтарылады. Міне осындай талап негізінде сот шешімі күшіне енген Қазақстанда бірінші жағдай тіркелді. Соған орай таяу уақытта мемлекет кірісіне шамамен 11 миллион доллар қайтарылады”, – дейді ол.