2025 жылдың 27 қарашасында Байқоңырда болған апат бірден әлем назарын аудартты. «Союз MS-28» ғарыш кемесі екі ресейлік ғарышкер мен бір NASA астронавтын орбитаға сәтті жеткізді. Бірақ салдарынан ғарыш айлағы үшін маңызды мәселелер пайда болды. BM.KZ редакциясы осы оқиғаның қалай болғанын, оның неге маңызды екенін және бұлдан кейін Қазақстан үшін қандай жаңа мүмкіндіктерге жол ашылатынын түсіндіреді.
Space.com дерегінше, зымыранның ұшырылуы 31/6 алаңындағы маңызды инфрақұрылым элементтерін бұзған. Бұл — «Роскосмостың» адам тасымалдайтын зымырандарды ұшыратын жалғыз жұмыс істеп тұрған платформасы болатын. Яғни Ресей уақытша Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) адам жіберу мүмкіндігінен айырылды.
Дегенмен мамандардың айтуынша, апат өте күрделі болғанымен, оны «қайтымсыз апат» деп айтуға болмайды. Ең қызығы — дәл осы жағдай Байқоңырдың болашағы және Қазақстанның әлемдік ғарыш саласындағы рөлі туралы жаңа әңгімелерге жол ашып отыр.
Ғарыш айлағында нақты не болды?
Ұшыруға дайындық кезінде 31/6 старт кешенінде сирек кездесетін, бірақ өте ірі техникалық қателік орын алған. Салмағы 20 тонна болатын ауыр сервис платформасы бар — әдетте ол зымыраннан алыстап, қауіпсіз жерге бекітілуі керек. Алайда сол күні ол толық бекітілмей қалған.
«Союз» көтеріле бастағанда, зымыран қозғалтқыштарының қуатты отыны сол бекітілмеген платформаны қағып өтті. Нәтижесінде платформа құлап, от ағызатын арнаға түсіп кеткен. Осы құлау старт үстелінің астында орналасқан бірнеше маңызды механизмдерді бұзып жіберген. Бұның бәрі зымыран әуеге көтерілгеннен кейін болғандықтан, ғарышкерлердің өміріне еш қауіп төнбеді.
Space.com жариялаған дрон видеоларында құлаған платформа старт кешенінің бірнеше негізгі бөлігін зақымдағаны анық көрінеді. Сервис мұнарасының бір бөлігі майысқан, кабель жолдары мен техникалық бөлімдер бүлінген, сондай-ақ салқындату және жылудан қорғау жүйелерінің фрагменттері істен шыққан. Яғни бұл — жай бояп қойылатын жөндеу емес, старт кешенінің төменгі бөлігінің жалпы құрылымына келген үлкен зиян.
«Роскосмос» зақым бар екенін растады және қажетті қосалқы бөлшектердің бәрі бар екенін, ал жөндеу «ақылға қонымды мерзімде» аяқталатынын хабарлады. NASA сақтықпен пікір білдіріп, серіктестер ХҒС-ты қауіпсіз пайдалану үшін барлық әрекеттерді бірлесе үйлестіріп отырғанын атап өтті, бірақ нақты мәліметтерді жариялау мәселесін Ресей тарапына қалдырды
Осы тұста сарапшылардың пікірі тоғысты: бұл — соңғы жылдарда болған Байқоңырдағы ең ірі инфрақұрылымдық оқиға. Ол Ресейді уақытша адам тасымалдайтын кемелер мен «Прогресс» жүк аппараттарын ұшыру мүмкіндігінен айырды.
Дегенмен жағдай қайтымсыз емес: мамандардың есептеуінше, техникалық жағынан кешенді қалпына келтіруге болады. Жөндеу жұмыстарының қарқынына қарай, процесс 3 айдан 6 айға дейін созылуы мүмкін.
Мамандар не дейді?
Ғарыш саласының кәсіби мамандары Байқоңырдағы апатты өте маңызды оқиға ретінде бағалайды. Десе де, Ресейдің ғарыш бағдарламасына соққы болғанымен, күйрететін деңгейдегі жағдай емес деп отыр.
Space.com сарапшысы Леонард Дэвид апаттың жағымсыз әрі ауыр оқиға екенін мойындайды. Бірақ оны кейібр БАҚ таратқан «Ресей пилоттық ғарыш бағдарламасынан шығып кетті» деген дақпыртпен салыстыруға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, мәселе техникалық бақылаудың әлсіреуінен шыққан. Бекітілмей қалған платформа зымыранның дүмпуі мен жоғары температураға шыдамаған. Соған қарамастан, ол Ресейдің осындай нысандарды қалпына келтіру тәжірибесі бар екенін атап өтеді — демек жөндеу жұмыстары әбден мүмкін.
Ars Technica сарапшыларының пікірі қатаңдау. Олар платформа құлауын «сирек кездесетін әрі өрескел жүйелік ақау» деп атап, бұл бүкіл саланың ішкі мәселелерін көрсетеді дейді. Олардың ойынша, техникалық жағынан жөндеу жасалса да, оның мерзімі «Роскосмос» айтқаннан әлдеқайда ұзақ болуы ықтимал. Себебі Ресейде ресурстар тапшылығы, білікті маман жетіспеушілігі және инфрақұрылымды басқарудағы созылмалы проблемалар бар.
Тәуелсіз сарапшылар Брайан Харви мен Скотт Мэнли екі аралық пікір ұстанады. Олар техникалық мамандар старт кешенін қайта іске қосуға қабілетті деп есептейді, қажет болса Плесецк сияқты басқа ғарыш айлақтарынан жабдық тасымалдауға да болады дейді. Олардың ұйымдастырушылық кідірістер болмаса жөндеу үш айдан алты айға дейін созылады деп болжап отыр.
Сонымен қатар кейбір сарапшылар бұл оқиғаны әлдеқайда күрделі деп бағалап, Ресейдің пилоттық ғарыш бағдарламасынан іс жүзінде шеттелуі мүмкін деген пікірлер айтып жатыр.
Роскосмос қалай жауап берді?
Байқоңырдағы апатқа Роскосмос қысқа да нұсқа жауап берді. Ведомство ұшырудан кейін жүргізілетін міндетті тексеріс кезінде «старт кешенінің бірнеше элементі зақымдалғанын» растады. Бірақ қандай бөліктер бүлінгені, зақымның көлемі немесе апаттың нақты себебі жөнінде жақ ашпады.
Ресми мәлімдемелерде тек жалпы фразалар болды: мамандыр «алаңның жағдайын бағалап жатыр», ал жөндеу «жақын уақытта орындалады», өйткені «барлық қажетті қосалқы бөлшектер дайын тұр».
Ең маңыздысы — Роскосмос сарапшылар айтып отырған басты нұсқаны түсіндіруге тырысқан жоқ. Яғни 20 тонналық сервис платформасының дұрыс бекітілмеген болуы мүмкін деген болжамды ведомство мүлде қозғамады. Тіпті «апат» деген сөзді қолданбай, оқиғаның мәнін жұмсартып беруге тырысқандай көрінді. Сондай-ақ кешеннің қашан қайта іске қосылатыны туралы алдын ала мерзім де айтылмады.
Ал бұл кезде Space.com жариялаған дрон кадрлары сервис мұнарасының бөліктері, кабель жолдары және техникалық жүйелер айтарлықтай бұзылғанын анық көрсетіп тұр. Сондықтан Роскосмос тарапынан байқалған ұстамдылық мамандардың пікірінше, шығынды іштей бағалау және ресми ұстанымды нақтылау үшін алынған уақыт болуы мүмкін.
NASA өз кезегінде алаң зақымданғанын білетінін, Халықаралық ғарыш станциясындағы жұмысты серіктестермен бірлесіп үйлестіріп жатқанын айтты. Бірақ оқиғаға қатысты барлық ресми түсіндірмелерді Роскосмосқа қалдырды. Бұл жағдай Байқоңырдың халықаралық маңызына қарамастан, старт кешені толықтай Роскосмос жауапкершілігінде екенін көрсетіп отыр.
Байқоңырдағы апат — маңызды белгі
Байқоңырдағы апат тағы бір маңызды нәрсені еске салды: бұл космодром — жай ғана жалға берілген объект емес. Бұл — екі мемлекеттің мүдделері түйісетін стратегиялық нүкте.
Байқоңыр 2050 жылға дейін Ресейге ұзақ мерзімге жалға берілген. Жыл сайынғы төлем — 115 млн доллар. Бірақ космодромның заңдық және операциялық моделі өте күрделі: жер — Қазақстандікі, инфрақұрылым — Ресейдікі, ал нысанның жалпы жағдайына екі жақ та жауапты.
Байқоңыр қаласының өзі де ерекше режимде өмір сүреді: онда рубль жүреді, ресейлік заңдар қолданылады, ал негізгі басқару шешімдерін Мәскеу қабылдайды. Сондықтан қаланың экономикасы тікелей Роскосмос белсенділігіне тәуелді. Осы себепті қазіргі апат маңызды сұрақ тудырып отыр: егер Ресей космодромды бұрынғы деңгейде ұстай алмаса немесе пилоттық бағдарламалардағы үлесін азайтса, не болады?
Бұған қоса, әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр: жеке ғарыш компаниялары күшейді, Үндістан мен БАӘ өз бағдарламаларын кеңейтіп жатыр, Еуропа жаңа серіктестер іздеуде.
Осындай жағдайда Қазақстан Байқоңырдың рөлін қайта қарауға нақты мүмкіндік алып отыр. Космодром тек Ресейдің ғана алаңы болудан қалып, көпұлтты ғарыш орталығына айнала алады: халықаралық ұшырулар, жаңа мамандар даярлау, спутниктік жобаларды дамыту орын алуы мүмкін.
География, климат және қалыптасқан инфрақұрылым — мұның бәрі Қазақстанға кең ауқымды серіктестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді: ЕО-дан бастап Түркия мен Үндістанға дейін.
Әрине, мұның бәрі жүзеге асуы үшін Қазақстанға жаңартылған ғарыш стратегиясы қажет. Қазір біздің рөліміз негізінен «жалға беруші» деңгейінде ғана. Бірақ әлемдік ғарыш саласы тым жылдам өзгеріп жатыр, ал біз тек қарап тұра алмаймыз.
Бүгінгі Байқоңырдағы апат — маңызды белгі: Қазақстанда Байқоңырды жай «кеңестік мұра» емес, заманауи ғарыш хабына айналдыруға мүмкіндік бар.
Диана Ыдырыс,
BM.KZ
