Астана. 13 қараша. BM.KZ – Балқаш көлінде заңсыз балық аулаған Жетісу облысы мен Талдықорған қаласының тұрғыны ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
— «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Балқаш қалалық желілік полиция бөлімі мен Балқаш-Алакөл аймақаралық бассейндік инспекциясы көлде моторлы қайықты тоқтатты. Оның ішінде 35 жастағы Жетісу облысының және 37 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны болған, — делінген ақпаратта.
Тексеру кезінде қайықтан ұзындығы 2500 метрлік ау табылды. Сонымен қатар 8 жәшік балық тәркіленді. Жәшіктерден көксерке, ақтабан, табан, жая, жайын және сазан секілді балық түрлері шықты. Заңсыз ауланған балықтың жалпы салмағы — 252,3 келі. Табиғатқа келтірілген залал сомасы 1,2 млн теңгеден асқан.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
