Жат ағымдағы адамдардың мақсаты билікке барып, өз идеологиясын тарату. Бұл туралы ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.
Атырауда өткен «Ислам экстремизмге қарсы» атты ғылыми конференцияда ол қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне іріткі салуға тырысатындар жайлы айтқан.
«Жат ағымдағылар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді. Осы ретте айта кету керек, деструктивті ағымдар тек ислам дінін жамылып, өз ниеттерін жүзеге асырмайды, жат ағымның протестанттық және шығыстық түрлері де бар. Ең қызығы, жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару, өз идеологиясын тарату сынды көздеген мақсаты болады», – деді бас мүфти.
Фото: ҚМДБ