Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев аймақта Жаңа жыл мен өзге де мерекелік шараларға 28 миллион теңге бөлінгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Облыс бойынша 12 аудан мен 1 қаладағы безендіру жұмыстарына 28 миллион теңге бөлінген. Бізде мен бұл қызметке келгенге дейін сатып алынған шыршалар бар, соларды биыл да қолданамыз. Сәйкесінше жыл сайын жаңа шырша сатып алып жүрмейміз», – деді ол.
Нариман Төреғалиевтің сөзінше, жаңажылдық отшашуға биыл қосымша қаражат қарастырылмаған.
«Отшашуды да осы 28 миллион теңгеге сатып аламыз. Сонымен қатар осал топтан шыққан балаларға арналған сыйлықтар алынады. Жыл сайын мұқтаж және ерекше балаларды қалаға шақырып, шара өткіземіз. 12 аудан мен 1 қалаға бөлгенде бұл қаржы түк емес», – деп қосты ол.
Еске салайық, 2023 жылы Батыс Қазақстан облысында отшашуларға 32 миллион теңге бөлінгені хабарланған еді. Ал мәжілісмен Асхат Аймағамбетов аймақтағы жедел жәрдем көліктерінің 82%-ға тозғанын айта келе, «отшашуға ақша бар, бірақ көлікті жаңартуға қаржы жоқ» деп сынға алған еді.